Асанбаев: Қарызға белшеден батып тұрған кезде команда жасақтау қиын
«Ақтөбе» командасының спорттық директоры Ұлықбек Асанбаев клубтың селекциялық жұмысы, алдағы маусымдағы шама-шарқы жайлы айтып берді.
Ұлықбек Асанбаев:
-Қарызға белшеден батып тұрған кезде команда жасақтау қиын. Сондықтан, ең бірінші осынау қиын-қыстау кезеңде біздің қойған талаптарымызға келісіп, көмек қолын созған жігіттерге алғыс айтқым келеді. Ақтөбелік жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы Маркос Пиззеллиге айрықша алғыс айтамын. Маркос біздің ұсынысымызға келісе кетіп, ойланбастан «Ақтөбеге» ауысқан ең алғашқы ойыншы. Оның көшбасшы сипаты «Ақтөбеге» сөзсіз көмегін тигізеді. Бірақ мен оның адамгершілік қасиетін тілге тиек еткім келеді. Біріншіден, ол қарызының көп бөлігін кешіріп жіберді. Екіншіден, ол жағдайдың қиын екендігін біле тұра, жазуға бар мүмкіншілігі бола тұра
ФИФА-ға жазған жоқ. Үшіншіден, ол бұрынғы клубымен келісімшартын өз еркімен бұзып, Сауд Арабиясында алатын жалақысынан үш есе төмен жалақыға келісімін берді. Оның келуі қазіргі командадағы жігіттерге нағыз үлгі болды деп айтсам болады. Сондықтан, біздің Маркосқа айтар алғысымыз шексіз. Айта кетерлігі, көптеген ойыншылар біздің жағдайымызды білетіндіктен «Ақтөбеге» келуден бас тартты. Қолдарында келісімшарттары бар кейбір ойыншылар командадан кетіп, ФИФА-ға арызданды. Бірақ біз де, біздің жанкүйерлер де қайтпас қайсармыз, біз өзіміз де, біздің қала да ұялмайтын команда жасақтап шығаратын боламыз. Біз қазір жасап жатқан жұмысымызға жауаптымыз.