Байқауда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! - «Астананың» жанкүйері
«Астана» футбол клубы «Бірге» (Вместе) әніне жасалған ең үздік «каверге» шығармашылық байқау жариялаған болатын. Аталмыш байқауда Астана қаласындағы №72 мектептің 8-сынып оқушысы Диас Құсайынов жеңімпаз атанды. Жас әнші клубтың баспасөз қызметіне байқау туралы қайдан естігенін, музыкаға құмарлығы қашан басталғанын, «Астана» футбол клубының жетістіктері туралы айтып берді:
- Байқауда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! Осындай сыйлыққа ие боламын деп ойлаған жоқпын. Байқау туралы «Астана» футбол клубының Вконтакте желісіндегі парақшасынан көрдім. Бірақ басында қатысамын деген ойым болмады. Мектепте бір сыныпта оқитын, «Астана» футбол орталығында дайындалатын Айдос Табиғат есімді досым менің осы байқауға қатысып, бағымды сынап көруге үгіттеді. Артынша келісіп, осы видеоны түсірген едім.
- Әнді алғаш естігеннен гитараға салып, орындау қиын болған жоқ па?
- Жалпы, менің гитара үйреніп бастағаныма екі ғана ай уақыт болды. Осы аздаған уақыттың ішінде бірнеше интернет байқауға қатысып үлгердім. Бұл менің осындай деңгейдегі алғашқы жетістігім. Сондықтан, бастапқыға жаман емес деп ойлаймын. Нұржан Керменбаевтың таңдауы маған түскеніне қуаныштымын.
- Жалпы өзің қай клубтың жанкүйерісің?
- Мен Астана қаласына көшіп келгеніме 2-3 ай ғана уақыт өтті. Мектепте оқитын достарымның басым бөлігі «Астана» командасының жанкүйерлері. Мен елордаға көшіп келгенге дейін, «Астанаға» тек еурокубоктік кездесулерде теледидар алдынан қолдау көрсетсем, осы жаққа келгелі стадионнан тамашалап, қолап жүрмін. Осыдан бірнеше күн бұрын өткен «Спортингке» қарсы ойында да командаға жанкүйер болдым. Алдағы жаңа маусымда сүйікті командама сәттілік тілеймін!