Данил Черный: Жақсы дайындықтың арқасында барлық құрама табысқа жетеді

Данил Черный: Жақсы дайындықтың арқасында барлық құрама табысқа жетеді

«Тосно» шабуылшысы алғаш рет оқу-жаттығу жиынына шақырылып отыр.

19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасына алғаш рет шақырту алған, Ресейдің «Тосно» футбол клубында ойнайтын шабуылшы Данил Черный Қазақстан футбол федерациясына берген сұхбатында өз әсерімен бөлісті.

- Данил, Ресей және Тәжікстан құрамаларына қарсы ойынға қандай баға бере аласыз?

- Ресей мен Тәжікстан құрамаларына қарсы жақсы ойнадық. Алаңда ойын басымдығына ие болдық. Бірнеше гол соғатын сәттер ұйымдастырдық. Сол голдардың барлығын соққанда біз жеңетін едік. Алайда, біздің көңіл-күйіміз түскен жоқ. Жолдастық кездесулер команданың деңгейіне әрқашан баға бермейді.

- Құрамаға алғаш рет шақырылдыңыз. Қандай әсер алдыңыз?

- Иә, Қазақстан жасөспірімдер құрамасына алғаш рет шақырылдым. Жақсы әсер алдым. Туған жерімнің, туған елімнің намысын қорғау мен үшін үлкен мақтаныш. Әрі қарай тек жақсы нәтижеге көрсетуге ұмтыламыз. Өйткені, біздің жаттықтырушыларымыз өз ісінің шебері.

- Команданың ішіндегі көңіл-күй қандай?

- Команданың көңіл-күйі жақсы. Ойыншылардың барлығы жасыл алаңда тер төгіп, шеберліктерін дәлелдеуге күш салады. Барлығын бұрыннан танимын. Мені жақсы қарсы алды.

- Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында жасөспірімдер құрамасының дайындығы үшін қандай жағдай жасалған?

- Жаттығу мен жолдастық кездесулерге қолайлы жағдай жасалған. Сол үшін Қазақстан футбол федерациясына көп рахмет айтамын. Осындай дайындықтың арқасында барлық құрама табысқа жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы – еңбек ету. Биік мақсаттарды алға қою. Қазақстанда әрқашан талантты футболшылар болды. Тимур Сегізбаев, Сейілда Байшақов, Евстафий Пехлеваниди сынды атақты футболшылардың ұрпағы екенімізді дәлелдегіміз келеді. Қазіргі жұлдыздардың арасында Руслан Балтиев, Самат Смақов, Мұрат Тілешев сынды ағаларымыз бар.

- «Тосно» клубындағы жағдайыңыз қалай? Бұл клубқа қалай келдіңіз?

- «Тосно» клубына мені өткен жылы шақырған. Қазір команданың екінші құрамымен жаттығып жүрмін.

- Жаттықтырушылар штабы сенің ойыныңды қалай бағалайды?

- Жаттықтырушылар әр футболшының өзін-өзі дәлелдеуге мүмкіндік береді. Ерінбей еңбек етуге талпынамын. «Тосноға» дейін Санкт-Петербург қаласының екі командасында жаттықтым. Алайда, менің азаматтығыма қатысты қиындықтар болды. Мені легионер қылып тіркейтін уақытты күттім. Сондай-ақ, 2014 жылдың ортасына дейін «Ақтөбе» футбол клубының футбол орталығында футболдың қыр-сырын меңгеріп, шеберлігімді жетілдірдім. Енді әрі қарай өсу керек.

- Болашақта Ресей чемпионатының ең жоғары лигасында ойнауды қалайтын шығарсыз?

- Әлбетте, бірақ ол үшін тыным таппай жұмыс істеу керек. Маған әрқашан Ресей чемпионаты мен Қазақстан Премьер-Лигасы ұнайтын.  Ол жақта ойнау үшін бір ғана арман аздық етеді. Алдыма мақсат қойып, бірте-бірте алға жылжу міндеті.

- Осы мақсаттардың ішінде алдағы уақытта еліміздің бас құрамасының намысын қорғау бар ма?

- Иә, әрине. Кез келген футболшы үшін туған елінің намысын қорғау үлкен абырой. Біздің құраманың ойыны маған ұнайды. Алдағы уақытта өз еліме көмектескім келеді.

kff.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или