«Ертістің» кезекті қарсыласы «Кубань» клубы
«Кубань» футбол клубы ресейдің оңтүстігінде орналасқан Краснодар қаласының намысын қорғайды. Команда өз елінде көне клубтардың бірі болып саналады (1928 жылы құрылған). Кеңес заманында «Кубань» атауы бірнеше мәрте ауыстырылып, «Динамо», «Нефтяник», «Спартак» атауларына ие болған еді. 1948, 1962, 1973, 1987 жылдары РКФСР чемпионы атанған.
Тәуелсіз Ресей тарихында кубаньдықтар бірінші дивизион чемпионы атанып (2010 жыл) премьер-лигадағы сапалы өнерлерімен көзге түсе білген. Бұдан бөлек, 2014\2015 маусымында Ресей кубогының ақтық мәресіне дейін жетіп, күміс медальдерді қанжығаларына байлаған. Ал чемпионаттағы үздік нәтижеге 2012\2013 маусымында қол жеткізіп, кестеде 5-ші орынға тұрақтаған. Соның арқасында команда Еуропа лигасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болып, келер жылы турнирдің топтық кезеңіне дейін жеткен.
Соңғы екі маусым бойы команда Ресейдегі екінші санаттағы, ФНЛ чемпионатында өнер көрсетуде. Қазіргі таңда турнир кестесінде 32 ұпаймен, 10 орында келе жатыр.
«Ертіс» пен «Кубань» бірнеше рет жолдастық кездесу өткізген еді. Негізінен матчтар Түркиядағы ОЖЖ барысында орын алған. Өкінішке орай, павлодарлықтар краснодарлық ұжымды жеңіп көрген емес. 2006 және 2009 жылдары кубаньдықтар басым болған 4:0, 4:2. Ал 2008 және 2015 жылдары командалар тең ойнаған еді, 2:2 және 0:0.
«Ертіс» пен «Кубань» арасындағы жолдастық кездесу, 21 ақпан күні, Астана уақыты бойынша сағат 20:00 бастау алады.