Рамос пен Роналду жеке сөйлесті
«Реалдың» капитаны Серхио Рамос команданың көшбасшы ойыншыларын кешкі асқа шақырды.
Кездесу соңғы кездері шабуылшы Криштиану Роналду мен қорғаушы Марселоға түскен ауыртпашылықты азайту үшін ұйымдастырылған. Бұл туралы Серхио Рамоспен жақсы қарым-қатынастағы королдік клубтың президенті Флорентино Перес өтініш жасаған.
Мадридтік «Реал» соңғы уақытта төмен нәтиже көрсетіп жүр. Ла Лигада басты қарсыласы «Барселонадан» 19 ұпайға қалып қойса, Испания Кубогының аясында өз алаңында «Леганеске» есе жіберіп, ширекфиналдан кері қайтты.
Сондай-ақ, «Реалдың» президенті Флорентино Перес жанкүйерлер көңілі толмай жүрген Криштиану Роналдуды маусым аяқталғанда басқа командаға жіберуге келісімін берген болатын. Биылғы маусымда Роналду «Реал» үшін Испания біріншілігнде бар болғаны төрт ақ гол соққан.
32 жастағы португалиялық футболшының келісімшарттағы құны 1 миллиард еуроны құрайды. Бұған дейін Роналдуға қытайлық «Тяньцзинь Цюаньцзянь», франциялық «ПСЖ» және англиялық «Манчестер Юнайтед» клубтары тарапынан қызығушылықтың бар екені белгілі болған еді.
Роналду мансабында «Алтын допты» бес мәрте жеңіп алған. «Реалдың» тарихындағы ең үздік сұрмергені. Мадридтік ұжымның сапында өткізген 418 ойында 422 мәрте көзге түскен.