Ерлан Махамбедиев: Ойыншылардың тәжірибе жинауы маңызды

Ерлан Махамбедиев: Ойыншылардың тәжірибе жинауы маңызды

18 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ерлан Махамбедиев Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Талғардағы ұлттық құраманың базасында өткен оқу-жаттығу жиынын қорытындылады:

- Талғарда өткен оқу-жаттығу жиынына 23 ойыншы қатысты, - дейді отандық маман. – Беларусь елінде өтетін УЕФА Даму Кубогының  нақты тізіміне 20 ойыншы ілігеді. Біз үшін ең бастысы ойыншылардың тәжірибе жинауы мен шеберлігін дамыту маңызды. Жиында футболшылардың дене даярлығын арттыруға ден қойдық. Өйткені, олардың басым бөлігі қысқы уақытта демалды. Команда өткен жылы 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасында ойнаған футболшылардан жасақталды. Бір ойынды 4:1 есебімен ұттық. Екінші кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Оқу-жаттығу жиынында жабық манеж жолдастық кездесу өткізуге мүмкіндік берген «Қайрат» футбол клубына алғыс айтамын. Біздің команданың жаттықтырушылар штабына 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов енді. Осы жиында ол жоғары команданың үміткерлерін қарады.

- 20 қаңтар күні футболшылар Минск қаласында өтетін УЕФА Даму Кубогына жол тартады. Команда алдында  қандай тапсырма қойылады?

- Беларусь елінде өтетін УЕФА Даму Кубогы – өте керемет турнир. Ол футболшыларға жақсы тәжірибе береді.  Ойыншылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндігі болады. Біз өз тобымызда Грузия, Украина және Молдова командаларымен кездесеміз. Грузия құрамасымен Алматыда өткен Президент Кубогында жолығып, 4:4 есебімен тең ойнадық. Украина мен Молдова жасөспірімдер құрамасының деңгейі төмен емес. Осындай қарсыластардың арқасында өз күшімізді байқап көруге мүмкіндік бар. Айта кетейік, оқу-жаттығу жиынына ойыншылардың барлығы келе алмады. Өйткені, олар өз клубтарының негізгі құрамымен жиынға кетті. Олардың барлығына сәттілік тілеймін. Футболшылардың ойын тәжірибесін арттыруға мүмкіндіктері мол.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или