Карлос Алос: Мақсатымыз – Гоуды алмастыра алатын ойыншы табу
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос клубтың негізгі командасымен бірге Алматыда оқу-жаттығу жиынына кірісті. Бас бапкер «Қайраттың» ресми сайтына жиынның қалай өтіп жатқанын, команда қандай жағдайда жаттығып жүргенін және клубтың мақсаттары туралы айтты.
- Осы маусым алдындағы жиындарды үш бөлікке бөлдік: алғашқысының бағыты физикалық дайындыққа жақын, мұнда ойыншыларды бағалап, алдағы маусымға дайындаймыз. Көбіне аэробтық жұмыстар мен күш-қуатқа көңіл бөлеміз. Бұл бөлімді біз өз базамызда орындап жатырмыз, себебі мұнда қажеттінің бәрі жоғары деңгейде жасалған. Ал қалған екі бөлікті Түркияда өткіземіз, ол жақта көбіне дайындықты тактикалық бөлікке арнаймыз, физикалық жағдайды да ұмытпаймыз. Негізгі мақсатымыз – ел чемпионатының алғашқы матчына ең жақсы кондицияда келу.
Бізде елдегі ең үздік жаттығу базасы бар, Еуропадағы үздіктердің бірі саналады. Сондықтан, алғашқы жиынды Алматыда өткізу үшін қажеттінің бәрі бар. Өз жерімізде жаттыққан бізге қолайлы. Сондай-ақ, маусымға жақсы дайындалуымыз үшін жолдастық матчтарда мықты қарсыластарды табуымыз керек. Сондықтан, Түркиядағы жиындар осы тұрғыда көмектеседі.
- Шақырту алған футболшылар тізіміне 29 ойыншы енді. Олардың басым бөлігі – жас ойыншылар. Демек, «Қайрат» жаңа маусымда жас футболшыларға көп ойын уақытын беруді жалғастыра ма?
- «Қайрат» - бұл жас таланттарды қорғап, оларға қамқор болатын клуб. Біз – халық командасымыз, бізде өз футболымызға инвестиция құйылған және жанкүйерлер осымен мақтануы керек. Өз құрамыңда Академия ойыншылары болып, оларды ойнату өте маңызды. Бірақ мұны өте сақ жасап, қажетті уақытта қолдану керек.
- Команда алдындағы мақсат туралы айтып өтіңізші.
- Ең негізгі мақсаттарымыз – Жерар Гоуды алмастыра алатын ойыншы табу, чемпионатта таласу және УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу. Қазір біздің құрамымызда шабуылшы Чума Анене бар, біздің оған көңіліміз толады және ол маусымды жақсы өткізетініне сенімдіміз. Бірақ біздің командаға тағы бір форвард керек. Бұл мақсаттардың бәріне жету қиын болады, себебі бұл елде барлық командалар өте мықты ойнайды және «Қайратқа» қарсы ерекше жігермен шығады. Бірак бұл жыл біздікі болатынына сенімдіміз.