Египеттік футболшы Салах Африканың үздігі атанудан үмітті
Бүгін Африканың үздік футболшысының есімі белгілі болады. Қара құрлықтың мықтысы атанудан «Ливерпуль» шабуылшылары Мұхаммед Салах пен Садио Мане және Дортмунд «Боруссиясының» ойыншысы Пьер-Эмерик Обамеянг үмітті.
<span>2017 жылдың үздік футболшысы Африка құрамаларының бас бапкерлері мен мамандардың дауыс беруі арқылы анықталады. «Сенегал мен Габон құрамасының ойыншысына қарағанда мұсылман елдерінің мықтысы атанған египеттік жігіттің бәсі жоғары», – дейді сарапшылар. Биылғы маусымда «Ромадан» «Ливерпульге» ауысқан Мұхаммед премьер-лигада тамаша ойын өрнегін көрсетіп жүр. Қазір Салах ағылшын чемпионатында 17 гол соғып, мергендер қатарында келеді. Ең жылдам шабуылшының жасыл алаңдағы жолы Каир қаласының маңындағы шағын ауылдан басталған. Ел астанасындағы жаттығуға бару үшін кішкентай Салах күн сайын бірнеше сағаттық жолды жүріп өтетін. Тынымсыз еңбектің арқасында ол еуропадағы белді клубтың қатарына қосылып, ең мықты біріншілікте жасындай жарқырап жүр. Мұхаммед қазан айында Египет құрамасы сапында Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. <br /><br />– Қазіргі таңда 100 миллион халық Мұхаммед Салах үшін «Ливерпульдің» тілеуін тілейді. Өзге де араб елдері ағылшын командасына жанкүйер болып жүр. Егер «Ливерпуль» Египетте ойнаса, стадион лық толар еді. Ол – ұлтымыздың мақтанышы! Кез келген мысырлық азамат оның шетелдегі ойынын қалт жібермей көреді, - дейді жаттықтырушы Алай Набил.<br /></span>