Бауыржан Тұрысбек «Қайраттан» кетті
Алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек команда ауыстырмақ.
Бүгін «Қайрат» Алматыда оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Алғашқы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған футболшылардың ішінде Бауыржан Тұрысбектің есімі жоқ болып шықты. Prosports тілшісі «Қайраттың» баспасөз қызметкеріне хабарласып, мәселенін мән-жайын анықтап көрмек болды. Алайда тұшымды жауап ала алмадық. «Қайраттың» баспасөз қызметкері бұл жайында нақты ақпарат алдағы күндері белгілі болатынын айтып-сендірді.
Prosports.kz тілшісіне белгілі болғандай Қазақстан құрамасының ойыншысы Бауыржан Тұрысбек алғашқы оқу-жаттығу жиынын «Тобылдың» сапында өткізеді.
Айта кетейік, 26 жастағы футболшы «Қайратқа» 2016 жылдың маусым айында келген болатын. Алматылық клубпен 3,5 жылға келісімшартқа отырған еді. Биылғы маусымда 21 ойын өткізіп, бес гол соққан.