«Барселона» Хавидің ізбасарын Бразилиядан тапты
«Барселона» командасы қаңтар айында қатарларына бразилиялық жартылай қорғаушы А́ртур Энри́ке Ра́мос ди Оливе́йра Ме́ло немесе қысқаша Артурды қоспақшы.
21 жастағы жас талант Бразилияның «Гремио» командасының ойыншысы. Оның ерекшелігі, отандастары Каземиро немесе Паулиньо секілді мығым денелі, күшті тіреуші қорғаушы емес. Қайта Испанияның аңыз ойыншысы Хави секілді бойы аласа, зерек жартылай қорғаушы. Католониялық клубты ең қызықтырғаны Артурдың осы қасиеті болса керек. Орталық алаңның патшасы Хавиді әлі ұмыта алмай жүрген «Барселона» үшін бұл жерден жеті қоян тапқандай қуаныш болатын.
Футболшының өзі де Еуропа асуға қарсы емес, тіпті, осы қыстың өзінде Испанияға барып доп тебуге бекініп отырған көрінеді. Алайда, қазіргі командасы оны сату үшін 50 миллион евро төлейсіңдер деп отыр. Егер бұл бағаны қымбатсынбаса «Барселона» командасы қаңтар айында Хавидің ізбасарын сатып алуы мүмкін.