Каннаваро Арабтардан ақшасын ала алмай жүр
Сауд Арабиясының «Аль-Наср Рияд» командасы FIFA тарапынан жазаға ұшырауы мүмкін. Себебі Арабтардың атақты командасы италиялық бапкер Фабио Каннавароға қарыз екен.
Бұл туралы сол елдің «Аlmadaen» басылымы хабарлап отыр. Италиялық маман 2015/2016 жылғы маусымда «Аль-Насрдың» тізгінін аз уақытқа ұстаған болатын. Бірақ жақсы нәтиже көрсете алмағандықтан командадан кеткен. Осы аралықта бұрынғы атақты футболшының арабиялық клубтан алуға тиісті 5,6 миллион Сауд риалы қалып кеткен екен. Бұл мөлшермен 1,27 миллион евроны құрайды.
Осы іске байланысты әлем футбол федерациясы (FIFA) «Аль-Наср Рияд» командасынан тез арада қарызынан құтылуды талап етіп отыр. Талап орындалмаса ішкі чемпионаттағы ұпайынан алты ұпай шегерілетіні ескертілген.
Биыл дәл осы өтелмеген қарыз мәселесі біздің де бірқанша команданы әуреге салған болатын. Мәселен, «Атыраулықтар» үш ұпайынан қағылса; «Тараз» командасы тіпті Алты ұпайынан айырылған еді. Соңғысының премьер лигадағы орынын сақтап қала алмауына бұл да үлкен себеп болғаны сөзсіз.