Стоилов мырза, расымен кеттіңіз бе?

Стоилов мырза, расымен кеттіңіз бе?
news-banner7
mobile-news-top

Қазақ футболына атасында көрмегенді ботасында көрсеткен «Астана» командасы бүгінде миллион жанның махаббатына бөленіп отыр. Қабырғасы қаланғанына анық он жыл толмаса да қарт құрлықтың бас байгелерінде бақ сынап жүр. Біздің футбол Еуропаның кенжесі деп күйініп жүрген жанкүйер қауымның еңсесін тіктеп, есесін әперген де осы – «Астана».

«Астананың» алпауыт командаға айналуына бас бапкері Станимир Стоиловтың сіңірген еңбегі мол. Елордалық клубты бастап еңселі жетістктерге жеткен болгариялық маманға қазақ жанкүйерлерінің алғыстан басқа айтары жоқ. Стоилов барда Астана алынбайтын қамал іспетті.

Алайда осы тәтті қиялымыздың қаймағы бұзылатын секілді. Бұған себеп сенген нарымыздың командадан кететіні жайлы желдей ескен қауесет. Рас, бас бапкер әзірге отандық ақпарат құралдарына кететіні жайлы тіс жарған жоқ. Бірақ, өз отанында алдағы жоспарлары туралы айтып жүрген көрінеді. Болгариялық әріптестеріміз осылай деп жарыса жазуда. Бірі, Стоилов мырзаның аңсары Еуропаға ауып жүр десе, тағы бірі ол кісі қалтасы қалың Қытайға немесе Араб елдеріне баруы мүмкін деп тон пішті.

Бірақ, астаналық жанкүйерлер үшін оның қайда баратыны маңызды емес, қайта «Астанада» қалу-қалмауы маңызды. Себебі, бүгінгі таңда тек астаналықтар ғана емес бүкіл қазақ футболы болгариялық бапкердің түкірігін жерге түсірмей қағып алатын жағдайда. Білдей бір елдің футболы қарға бойлы Стоиловқа ғана қарап қалды ма деп туламаңыз. Егер мойындар болсақ, шынымен де сол Станимир көкеге ғана сенім артып отырмыз бүгінде.

Қазақ футболының қара нары болады деп сенім артқан «Қайрат» сенімді ақтамады. «Астана» Еуропаны бағындырып жүрген төрт жылда сол «Қайратымыз» қайта-қайта бапкер ауыстырып әбігерге салынды. «Астанаға» ішкі чемпионатта аздап қарсылық танытқанымен, Еурододада ел намысын екі кезеңнен асырып қорғай алмай жүр. Ал «Ертіс», «Ордабасы» секілді клубтардан кәрі құрлыққа сес көрсетіңдер деп талап ету әзірге ерте. Демек, еларалық додаларда қазақ футболының жалғыз шаңырақ салары «елордалықтар» ғана болып тұр.

Енді сол «Астанаңыздың» өзі көшбасшыснан айырлып қалу алдында тұрған секілді. Стоилов кетсе «Астананың» күні қараңғы болады деп қолдан трагедия жасаудан аулақпыз. Бұл бапкер кетсе Еуропада тәп-тәуір ат қалыптастырып алған «Астана» одан да мықты маман шақыруы мүмкін. Бірақ, жаңа келген бапкер «босс» жеткен жетістіктерді төкпей-шашпай сақтай ала ма? Міне, сұрақ қандай! Болгариялық бапкердің қатал қабағы мен төрт жылдық тактикасына үйреніп қалған біздің футболшылар бапкер алмастыруға дайын ба екен?

Баста біз өкпе артқан «Қайраттың» қателігі де осы бапкер алмастырудан басталған. Команданы бастап Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға бір табан ғана жетпей қалған Владимир Вайссты жіберіп алған алматылықтардың одан кейін бапкерден жолдары болмай жүр. Әйтпесе «Қайраттың» құрамы да, қолдаушысы да «Астанадан» бір кем емес.

Станимир Стоилов - өте білікті маман. Трансферлік көрегенділігі керемет. Шетелден шақыртқан шеберлері шетінен сенімді ақтайды. Отандық ойыншылардың да өзіне керегін тауып алады. Атағы аспандап тұрған жұлдыз іздемейді, командада жүгін көтере алатын кәсіпқой футболшы ғана іздейді.

Содан соң, ойыншыларын орынымен пайдалана біледі. Қатал, талап қойғыш екенін айттық. Оған дәлел, егер бір шәкірті шектен шығып бара жатса, «жұлдызы» ұстай қалса танауынан тартып аспаннан жерге түсіріп алады. Жуниор Кабананга мен Патрик Твумаси таяқтан дәм татқаны есіңізде болар?!

Міне, осындай білікті маман, көреген көшбасшы командадан кетіп қалуы мүмкін. «Астанамен» келісім-шарты аяқталды. Енді оның алдында екі таңдау. Бірі командада қалу, бірі жаңа команда іздеу. Қайсысын таңдауы мүмкін? Соңында кету жайлы көп айтатын болды. Клуб басшыларына көңілі толмайтынын да аңғардық әңгімесінен. Әккі маман команда басшыларына қысым көрсету үшін осылай істеген болса керек. Не жалақысын көтерту үшін, не бұрынғыдан да жоғары қолдауға ие болу үшін өз салмағын сездіріп қалу денен бар. Өйткені ұсынылатын жаңа келісім-шартта тіпті де мол мүмкініктер қарастырылуы мүмкін ғой. Мәселен, жалақысын көтеру, қалаған футболшысын командаға шақырып беру секіді.

Мейлі, қалай десекте «Астана» үшін Станимир Стоиловтың орны ерекше. Команда басшылары оны алып қалу үшін әрекет етеді деп үміттенеміз. Егер бапкер алған бетінен қайтпай Қазақстанға «қош» десе, ел чемпионы қалайда білікті маман іздейтін болады.

Авторы: Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер