«Қайрат» бас бапкерімен келісім-шартын ұзартты
«Қайрат» ФК команданың бас бапкері Карлос Алоспен еңбек келісімін ұзартты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Испаниялық маман клубқа биыл шілдеде келген болатын. Алматылық «Қайратпен» бірге бас бапкер 14 матч өткізіп, Қазақстан Кубогы мен ел чемпионатының күміс медалін ұтып алды. Сондай-ақ, 13 матчта жеңіске жетіп, 1 рет тең түсті. Бас бапкер қызметіне тағайындалған соң клубтың негізгі командасы Премьер-лигада қатарынан 8 матчта жеңіске жетті. Жаңа келісім-шарт екі жылға жасалды.
- Бірінші кезекте, «Қайратпен» келісім-шартымды ұзартқаныма қуаныштымын. Барша қайраттық отбасыға алға қойылған мақсатқа жету үшін бар күшімізді салатынымызды айтқым келеді. Бұл үлкен клуб және әр жанкүйер үшін оған нәтиже керек. Ал біз осы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді бапкер клуб баспасөз-қызметіне.