Алматыда оқушылар арасында финалдық жарыс өтті

Алматыда оқушылар арасында финалдық жарыс өтті

Бүгін Алматыда 5-8-ші сынып оқушылары арасында «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында спорттың төрт түрінен финалдық жарыс өтті.

№ 131 мектеп-лицейінде қаланың әр ауданынан келген 250 жуық үздік оқушылар асық ату, шағын футбол, арқан тарту, баскетболдан өзара мықтыны анықтады.

Сонымен қатар, келген қонақтар мен қатысушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оқушылармен қатар, «Skillerz crew» фристайл тобы мен химиялық крео-шоу ұжымдары өнер көрсетті.

- Бүгін біздің мектепте қаланың ең үздік командарлары жиналды. Бұл спорттық шараның біздің білім ордамызда өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Алматы қаласының әкімдігіне және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді және қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деп жылы көңілімен №131 мектеп-лицейінің директоры Роза Достанова бөлісті.

Жалпыкомандалық есеп бойынша Медеу ауданының оқушылары бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Бостандық ауданының командасы жайғасты. Ал үздік үштікті Түрксіб ауданының жеткіншектері түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медалдар, дипломдар және кубоктарға ие болды.

- Бүгін мен асық атудан 3 орынды иелендім. Менің ақтық бәсекеге дейін барлық кезеңдерден өттім. Асық ату біздің ұлттық ойынымыз болғандықтан таңдауым осы спорт түріне түсті. Біз достарымызбен аулада жиі ойнап тұрамыз, менде 250-ге жуық асық бар, - деп өз қуанышымен №156 мектеп оқушысы Тілеген Нұрмұхамет бөлісті.

Айта кетер жайт, бұл оқушылар арасындағы спорттық жарыстар ағымдағы жылы ақпанның 9-ы басталып, балалар және жасөспірімдердің спортқа деген қызыушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында өткізілді.

«Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или