Қазақстан U-17 құрамасы «Қайрат» академиясымен күш сынасты
17 жасқа дейінгі Қазақстан Ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының жаңа іріктеу кезеңіне дайындалып жатыр.
Құрлықтық бәсекенің келесі кезеңі 2018 жылдың күзінде өтеді. Алайда командамыз дайындықты бастап кетті. Игорь Свечников құрамаға үміткерлерді оқу-жаттығу жиыны барысында іріктеп алады. Жиын аясында бірнеше жолдастық кездесулер өткізу жоспарланған. Солардың алғашқысында жастарымыз Алматының «Қайрат» Академиясының футболшыларымен күш сынасты. Кездесуде Ұлттық құрама ойыншылары 2:0 (Мусоров, 18, «Қайрат» - автогол; Алтаев, 19) есебімен жеңіске жетті.
- Әрине, жаңа буыннан құралған команданың алғашқы жеңісіне қуаныштымыз, - деді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген Игорь Свечников. - Алайда бұл жиынның мақсаты – Ұлттық құрамаға үміткер барлық футболшыны сынап көру, таңдау. Матч туралы айтсам, 1-ші таймды жақсы бастап, екі гол соққан командамыз 2-ші таймда шаршап қалды. Оның себебі біз бірнеше күн бойы қиын жаттығулар жасап, қатты дайындалған едік. Келесі ойындар 25 және 27 қараша белгіленген. Бүгін алаңға шықпай қалған футболшыларды ойнатып көреміз. Жиын аяқталғанға дейін шақыртылған барлық ойыншыны тексеріп көреміз.
- Қызығы, Ұлттық құрамаға «Қайрат» клубынан 12 ойыншы шақыртылды. Сондықтан біздің команда біраз мықтысынан айырылып қалды, - дейді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген «Қайрат» командасының бапкері Кирилл Морунов. - Алайда матч тартысты өтті. Ұлттық командада ойнаған шәкірттеріміз жақсы ойнағанға қуанып отырмын. Яғни командада жақсы әрі талантты футболшылар бар деген сөз. Өткізген голдар үшін кәні өзімізде. Осыған қоса болған мүмкіндіктерді пайдаланбадық, ал қарсылас шабуылдарымызды дұрыс тоқтатып отырды.