Бауыржан Әбдубайытов: Тәртіппен нәтижеге жетуге болады

Бауыржан Әбдубайытов: Тәртіппен нәтижеге жетуге болады

Биылғы күз еліміздің әйелдер құрамасы үшін жаңалыққа толы болды.

- Чемпиондар Лигасындағы қиын кездесулер, Әлем және Еуропа чемпионаты аясындағы тартысты ойындар, келе жатқан турнирлердің жеребе тарту рәсімдері мен әрдайым болып тұратын флешмобтар елімізде әйелдер футболының дамып келе жатқанын көрсетеді, - дейді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген «БИІК-Қазығұрт» ФК президенті және ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Бауыржан Әбдубайытов. – Қыздар футболы әлемде ғана емес, елімізде де қарқын алып, дамып келе жатыр. Мүмкін нәтижелер кейде біз күткендей емес, бірақ жеңісті күндер әлі алда деп ойлаймын.

- Қазақстан чемпионы «БИІК-Қазығұрт» командасының Чемпиондар Лигасы аясында Францияның «Лион» клубынан екі рет есе жібергені еске келеді екен...

- Жеребеге ренжуге болмайды, алайда биыл 1/8 финалда біздің жолымыз тіпті болмады. Біздің қарсылас Еуропа футболындағы ең бай клубтардың бірі «Лион» болды. Ондай команда әлемнің ең мықты футболшыларын сатып ала алады. Мысалы, қазіргі таңда «Лион» сапында өткен жылы Еуропаның үздік ойыншысы атанған норвегиялық Ада Хегерберг доп тебеді. Ондай үздіктерді өз командаңа шақыру үшін көп ақша керек. Біздің жеңілістердің себебі де сол. Әзірге әлемдік деңгейдегі ойыншылармен иық тіресіп ойнай алмаймыз. Бірақ жағдай соншалықты жаман да емес. Егер бізге Германия мен Франция чемпионынан басқа, мысалы «Брешия», «Славия», «Спарта» сияқты клуб түскенде жағдай әлдеқайда жақсы болушы еді. Қайталап айтайын, атын айтқан үздік клубтар мен Еуропаның басқа командалары арасындағы жағдай жер мен көктей. Біз болашаққа зор үмітпен қараймыз. Себебі біздің команданың Чемпиондар Лигасының 1/8 финалына шығуы ұлттық рекорд саналады. Бұл «БИІК-Қазығұрт» командасы таңдаған бағыт дұрыс екенін көрсетсе керек.

- Қазақстан қыздар құрамаларының келесі жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы қарсыластары белгілі болды...

- 17 жасқа дейінгі құрама туралы айтсақ, олар үшін ең қиын қарсылас Швейцария болатын сияқты. Бұл Еуропаның ең дамыған елдерінің бірінде әйелдер футболымен 130-ға жуық команда айналысады. Сәйкесінше, ойын деңгейі де жоғары. Көбінесе олардың техникасы мықты, өте жылдам ойлап, шапшаң қозғалады. Грекия мен Солтүстік Ирландия командаларымен тең ойнап, жақсы нәтиже де күтуге болады. Ол үшін футболшылар алаңға жақсы дайындалып, бар ерік-жігерін қайрап шығуы керек. 19 жасқа дейінгі құрамамызбен кездесетін Израиль командасы туралы да осыны айтуға болады. Солтүстік Ирландия командасы сияқты Израиль құрамасы ойнауға мүмкіндік береді деуге болады. Біздің қыздар допқа иелік етіп, жақсы шабуылдар ұйымдастыруға мүмкіндіктері болатынына сенімдімін. Бұл командамыз үшін Швеция мен Словения құрамалары әлдеқайда қиын. Скандинавиялық ел Әлем және Еуропа чемпионатының финалдық кезеңдеріне тұрақты түрде шығып тұрады. Яғни бұл елде футболшыларды дайындау жақсы жолға қойылған. Словениялық командаға тоқталсақ, олардың ойыншылары шабуылдағанды ұнатады. Алаңда барлығын әдемі, тез әрі тиімді істейді. Кез келген қарсыласпен ойнауға болады. Біздің командаларда өз мүмкіндіктерін мүлт жібермесе болғаны. Ол үшін өте мұқият ойнап, ұйымдасқан ойын көрсету қажет. Себебі тәртіп әрқашан жеңіске жетелейді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или