Александр Кузнецов: Тәрбие беру жұмыстарын жалғастырамыз

Александр Кузнецов: Тәрбие беру жұмыстарын жалғастырамыз

Футболдан 19 жасқа дейінгі Қазақстан Ұлттық құрамасының бапкері жаңа буыннан құралған команда жасақтауды бастады.

Александр Кузнецов жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігін өте мұқият бақылады. Құрама бапкері ойыншылардың ойынын қарап, керек мәліметтерді түртіп, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде доп тебетін үміткерлерді таңдады.

- Бірінші кезекте турнирге қатысушылар үшін керемет жағдайлар жасалғанын айтқым келеді, - деп сөз бастады Александр Кузнецов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында. – Еуропа Лигасы аясында «Астана» мен Испанияның «Вильярреал» клубы ойнайтын стадионда доп тебу жас футболшылар үшін жақсы мотивация болды. Өте ыңғайлы жасыл алаңда ойнаған футболшылар бар қырын танытуға тырысты. Жалпы мен бұл жастағы ойыншыларды танимын. Өткен жылы 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасымен жұмыс істегенмін. Олардың барлығы дерлік осы «Астана Аренада» ойнап жүр. Уақыт өткен сайын жас футболшылар шеберлігі мен физикалық жағдайы өзгеріп отырады. Дегенмен біз оларды әрдайым бақылап отырамыз. Меніңше, турнирде лайықты команда жеңіске жетті. Ерекше айтатын нәрсе, Алматының «Қайрат» клубы жарысқа бір жас кіші балаларды әкелді. Олардың талпынысына ешкім қарсы емес, бірақ жасөспірімдер мен жастар арасындағы футболда жас айырмашылығы ерекше байқалады. Әрине «Қайрат» Академиясының шешімін талқылауға құқым жоқ, алайда нәтиже біз көргендей болды. Бір жағынан өзінен үлкен балалармен ойнаған футболшылар зор тәжірибеге ие болып, мінез танытты. Қатысушылар шеберлігін білетіндіктен жеңіске «Астана» мен «Ордабасы» таласады деп басынан болжаған едім. Бұл жолы елордалық команданың жолы болып, көктемде жасөспірімдер арасында өткен «Жастар» турнирі үшін есе қайтарды.

- Сізге таныс ойыншылар өзін көрсете алды ма?

- Әрине, бірақ ең бірінші кезекте айтарым, жастық жалыны ойын тәртібіне кедергі келтіріп жатады. Бұл тіпті халықаралық дәрежеде ойнап жүргендерге де қатысты. Ал мүлдем қате жіберуге болмайтын ондай кездесулерде қарсыластар қарап тұрмайды. Сондықтан әр іс-әрекетті ойланып істеген жөн. Осыған қоса, Ұлттық құрамада ойнайтындар өз клубтарында көшбасшы болып, жауапкершіліктен қаймықпай, әр матчта көп жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Мысалы, шабуылшылар бар күшін салып қорғанысқа көмектесіп, алаңда жан алысып, жан берісу керек. Осы тұрғыдан кейбір ойыншыларға өкпе назым бар. Сондықтан тәрбие беру жұмысын жалғастырамыз. Өзін жоғалтып алған ойыншыларды байқамадық. Ал жаңа есімдерге келсек, шеберлігін шыңдап, жаңа қырынан танылып жатқандар да бар. Әрине, оларды бапкерлер штабының назарына ілікті.

- Бұл күндері біз Қазақстан футбол тарихында үздік шабуылшылардың бірі ретінде танылған Олег Литвиненконы еске алудамыз. Ол арамызда болғанда 44 жасқа келер еді. Жас ойыншылар арасынан осындай дәрежеге жете алатын футболшылар бар ма?

- Сіз Олег Литвиненконы еске түсірген кезде, көз алдыма оның Ирак құрамасына соққан керемет голы келді. Шеберлігі жоғары еді. Оның ойынын оқу бағдарламаларына енгізіп, шабуылшыларды оқытуға болушы еді. Жас футболшылар арасынан ондай ойыншыны іздеп, салыстыру әлі ерте болар. Бірақ қазірдің өзінде жастар арасында сол дәрежеге жете алатын және өзі де отандық футболға зор үлес қоса алатын ойыншылар өсіп келеді деп нық сеніммен айта аламын. Әрине, ондай болудың тек бір-ақ қана жолы бар, ол – қажымас еңбек. Олег Литвиненко тек табиғи талантына ғана арқа сүйемей, осы еңбек пен жаттығу арқасында жоғары жетістікке жете білгенін білеміз. Клуб бапкерлерімен біріге отырып, осындай кәсіби футболшылар тәрбилеп шығарамыз деп үміттенемін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или