Футбол

Самат Отарбаев: «Ақтөбенің» жанкүйерлері мені сатқын деді

Самат Отарбаев: «Ақтөбенің» жанкүйерлері мені сатқын деді
news-banner7
mobile-news-top

Биыл «Ақтөбе» футбол клубы үшін өте сәтсіз маусым болды. «Ақ-қызылдар» тоғызыншы орынға табан тіреді. Клубтың қақпашысы Самат Отарбаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында биылғы және былтырғы «Ақтөбені» салыстырып, чемпионаттың жаңа форматы мен құраманың нәтижесі туралы пікірін білдірді.

- «Ақтөбеге» не болды биыл? Нәтиже көңіл көншітпейді.

- Өкінішке қарай, мұндай жағдайға жеткізген – біз. Командадағы басқа жігіттердің атынан ештеңе айтпай-ақ қояйын, бірақ мен «Ақтөбені» жаман атқа қалдырдым деп санаймын. Мен келген уақытта «Ақтөбе» сәтсіз кезеңге түсті. Бұрын «Ақтөбеде» ойнау – арман еді. Осы клубта ойнап, чемпион болғымыз келетін. Менің де арманым – осы. Мысалы, мен чемпион болмадым, кубок пен Суперкубок алмадым. Бала кезімдегі медальдарым болмаса, кәсіпқой деңгейде жүлделерім жоқ. Биылғы көрсеткішті біреуге жаба салғым келмейді. Басшылық кінәлі деп те айта алмаймын. Алаңда жүрген – біз, футболшылармыз. Сондықтан, барлық жауапкершілік біздің мойнымызда. Мен де бірнеше ойында қателік жібердім. «Қақпашы – жарты команда» дейді ғой.

- Былтыр жастардан құралған «Ақтөбе» алтыншы орын алған. Биылғы құрам мықтырақ, алайда көрсеткіші нашар. Сонда, осы екі «Ақтөбенің» қандай айырмашылығы бар?

- Менің ойымша, бәрі тәртіпке байланысты. Өйткені, былтыр Самат Смақов, Мұрат Тлешов сынды азулы ойыншылар болды. Команданың он пайызы ғана тәжірибелі болған шығар, қалғаны жастар, көп ойнамаған жігіттер. Бірақ тәртіптің арқасында жеңіске жетіп жүрдік.

- Сонда биыл тәртіп жетіспеді ме?

- Солай деуге болады.

- Алаңда көшбасшы болмағандай көрінді...

- Игорь Рахаев құрған командада Андрей Сидельников көшбасшы болады деп ойладым. Бірақ жұрт көреді ғой, көшбасшы жоқ деп айтты. Себебі, Смақов сияқты ешкім болмады. Ал Владимир Мұхановтың құрамында Олександр Воловик, Томаш Шимкович көшбасшы болды. Бірақ бұл құрам да сәтті ойнай алмады. Себебі көбін маусым ортасында жинап алды. Жаңа құрамға үйренуге уақыт керек. Чемпионаттың соңына таман ғана үйренісе бастадық. Оның үстіне, Рахаев кеткен кезде команда соңғы орындарда болған. Бұл да психологиялық тұрғыда қиын. Себебі «Ақтөбе» соңғы орында келе жатыр» деген қатты қысым жасалды. Шыны керек, қалаға шығуға бет болмады. Шықсаң, бәрі «не болып жатыр?» деп сұрайды. Өздеріңіз білесіздер, Ақтөбеде футболшыларды бәрі таниды. Көшеге шықсаң, жанкүйерлер келеді де, «Самат оңбай жатырсыңдар ғой» дейді. Бұл бізге жағымсыз. Бірақ олар айтуға құқылы, олардікі дұрыс.

- Былтырғы «Ақтөбеге» қайта оралсақ. Сол кезде клуб маңында көп шу болды. Соның бірінде – футболшылардың жалақылары жазылған қағаз пайда болды. Бұл қаншалықты рас дүние?

- Шынымды айтсам, оған жауап бере алмаймын. Өйткені, бұл қағазда ешқандай қол қойылмаған, мөр басылмаған. Бұл ақпарат мен Шымкентте жүргенімде шықты. Өзім таңғалдым. Ғаламторда тарап кетіпті. Сөйтіп, әйелімнің құрбылары да көрген ғой. «Сенің күйеуің осынша ақша ала ма не?» деп сұрапты. Мұндай құпия заттарды қай ақымақ шығарсын? Тек шу болғанын қалайтын біреу ғой.

- Келісім-шартта жалақыны ешкімге айтпау туралы тармақ бар ма?

- Бар. Бірақ былтырғы келісім-шартта «Жалақыны жариялауға рұқсат бересіз» деген тармақ болған екен. Соны мен оқымаппын. Бұл менің – қателігім. Қазір ондай жоқ.

- Биыл қақпаға көбіне Андрей Сидельников шығып жүрді. Бірақ жанкүйерлердің көбі сіздің шыққаныңызды қалайды. Жалпы, сіз өзара бәсекелестікте жеңіліп қалдыңыз ба?

- Андрей екеуіміз бұған араласпаймыз. Бәрін шешетін – бапкер. Кім дайын болса, соны шығаратын шығар. Бірақ бәсекелестіктен жеңіліп қалдым деп ойламаймын. Сидельников – мықты қақпашы, кәсіпқой жігіт. Одан көп нәрсе үйрендім. Ол – тәжірибелі, ал менде талпыныс көп. Сондықтан, тең деңгейдеміз деп ойлаймын.

- Маусымның басында сіз жиі шықтыңыз ғой.

- Алғашқы матчтарда Андрей тұрып жүрді. «Қайратқа» қарсы матчта жеңіліп қалдық, Андрей тізесін ауыртып алды. Келесі турда мен ойнадым. Қателеспесем, Қостанайда 0:0 болдық. Кейін өз алаңымызда «Ордабасымен» ойнадық. Сол матчта мен өрескел қате жібердім. Таңат Нөсербаевтың соққан голы менің қателігім деп есептеймін. Өзім «Ордабасыдан» келген соң, маған сол матчта жеңу маңызды болды. Бар ойымды сол жаулап алды. Бірақ бұл дұрыс емес екен. Өзімді психологиялық тұрғыда жеңе алмадым, ойын бойы ашулы болдым. Матчтан кейін «Ақтөбе» жанкүйерлері тіке айтты: «Самат, капитандық байлауышыңды шешіп тасташы. Сөзің өтпейді. Таңатқа барып сөйлей алмадың. Өйткені, олар – сенің шымкенттіктерің» деді. «Жарайды» дедім, бұл сөзді де іштей жұтып қойдым. «Смақов сияқты бола алмайсың» деді. Күлдім. Мен кіммін, Смақов кім? Мен енді өсіп келе жатырмын. Сөйтіп, менен капитандық міндетті алып тастауын сұрадым. Кейін «Оқжетпеспен» ойнадық. Мен тағы капитан болдым. Жеңіліп қалдық. Екі гол да – менің қателігім. Содан «капитан болмаймын» деп шештім.

- Биылғы маусым бітті. «Ақтөбемен» келісім-шартыңыз қай жылға дейін жасалды?

- Келісім-шартым аяқталды. Ендігі жоспарым – демалу. Биыл ауыр маусым болды. Негатив көп болды. Матчтан жеңіліп шыққан соң, үйіңе барып, бала-шағаң, әйеліңмен сөйлескің де келмейді. Мазаң қашады.

- «Ақтөбе» жаңа келісім-шарт ұсынса, қаласыз ба?

- Әрине.

- Енді маусымды қорытындылайық. «Астана» мен «Қайрат» теке-тіресі. Алматылық клуб өзара матчта «Астананы» жеңсе де, чемпион болған – елордалық клуб. Сонда екі клубтың қандай айырмашылығы бар?

- «Астана» - тәртіпке бағынатын команда. Футболшылардан естуім бойынша, Станимир Стойлов тәртіпті қатты қояды. «Астананың» матчтарын көріп жүрсіздер ғой. Бәрі өз орындарында. Әрқайсысы өз жұмысын істейді. Футболшы қанша жерден жұлдыз болса да, Стойлов оны басқа шығармайды. Клубтың сұрмергені Джуниор Кабананганың өзін бірнеше матчқа шығармай тастады ғой. Патрик Твумасиді де Стойлов тәрбиелей алды. «Қайратта» тәртіп жоқ деп айта алмаймын. Олардың ойын стилі бөлек. Импровизация көп. Гоу, Исаэль, Аршавин, Исламхан сынды техникасы мықты ойыншылар бар. Ғафур Сүйімбаев та қорғаныста жүріп гол соғады. Былай дейінші: «Астана» - тұтас команда, ал «Қайрат» шебер ойыншылардан құралған.

- Биыл чемпионат жаңа форматта өтті. Үш айналым ойнадыңыздар. Бұған дейін екі кезең ойнайтын едіңіздер. Жаңа формат қалай екен?

- Биылғысы жақсы. Интрига соңына дейін сақталды.

- Қазақ футболында көбіне орыс тілі үстемдік құрып тұр ғой. Бапкерлер, төрешілер, футболшылар – бәрі орысша сөйлеседі. Жалпы, клубта қазақ тілінің деңгейі қандай?

- Мысалы, мен клубтағы қазақтардың бәрімен өз тілімде сөйлесемін. Рақымжан Розыбакиев ұйғыр болса да, оған қазақша сөйлей беремін. Түсінеді. Мүмкіндігінше, қазақша жауап береді. Біздің командада қазақ бола тұра, қазақша сөйлей алмайтын ешкім жоқ.

- Былтыр Смақов екеуіңіз құрамаға шақыртылып жүр едіңіздер. Биыл ешкім шақырту алмады. Сонда «Ақтөбеде» құраманың деңгейіндегі ойыншылар жоқ па?

- «Ақтөбе» сапында құрамаға көмектесе алатын ойыншы Бағдат Қайыров деп ойлаймын. Биыл командамыздың нәтижесі нашар болғасын, бізге көз салып жүргендер де аз ғой.

- Ұлттық құрамамыз туралы бастадық қой. Әлем чемпионатының іріктеуін соңғы орында аяқтадық. Жеңіске жете алмадық...

-Иә, сырт алаңдағы ойынның бәрінде жеңілдік.

- Талғат Байсуфинов кезінде екі рет тең түстік, көш басындағы Польшадан да ұтылмадық. Ал Александр Бородюк бір рет тең түсіп, қалғанының бәрінен жеңілді.

- Бородюкпен бірге жұмыс істемедім. Ол туралы ештеңе айта алмаймын. Не дегенмен, бәрі бапкерге байланысты ғой. Байсуфиновтың кезінде мен құрамаға шақырылып жүрдім. Ол қазақ болғасын, алаңға жігерлендіріп шығарады. «Мынау – эмблеманың астында жүректер бар. Алға, қазақ! Намыс үшін!» деп жігерлендіретін. Меніңше, сол жігерлендірудің арқасында нәтиже көрсетті. Негізі, біздің футболшылар жақсы. Бәрі Елдос Ахметовты «гол әкелуші», Дмитрий Шомконы «құсты көздейді» дейді. Бірақ жақсы футболшылар. Көбінесе сәтсіз тұстар есте қалып қояды ғой.

-Сіздің де қателіктеріңіз сақталып қалған шығар?

- Иә, «Ордабасыдан» жеңіліп қалған ойынды әлі есіме салады. «Сол матчта «Ордабасыдан» әдейі ұтылдың, сені оларға қарсы ойнатпау керек» деп айыптайды. Бұл сөз намысқа тиеді. Сатқын деді. Бұл пікірлерді менің әйелім, ата-анам оқиды. Олар «Сатқын десе, сатқын болып кетпейсің ғой. Өздері айтып-айтып қояды» деп сабырға шақырады. Бәрібір жүректе тұрады ғой соның бәрі. Қазір өз бөлмесінде отырып алып, бәрінің намысына тигенді жақсы көретіндер көп қой.

Сұқбаттасқан Есет Төлеш.

Жалғасы бар...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер