«Ертіс» биылғы маусымда ең аз гол жіберген команда
«Ертіс» футбол клубы 2017-жылғы маусымды турнир кестесін төртінші орынмен аяқтап, келер жылы Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға жолдама ұтып алды.
Клубтың баспасөз қызметі павлодарлық команданың биылғы маусымын қортындылау мақсатында сандық сараптама жасады.
Сонымен, үш айналымнан тұрған ағымдағы жылдың біріншілігінде «Ертіс» 33 кездесуде 48 ұпай жинады. 12 рет жеңіске жеткен «пенткампеондардың» 8 ойыны сырт алаңда оң нәтижемен аяқталса, өз алаңында павлодарлықтар 4 рет қана жанкүйерлерін қуанта алған.
Сонымен қатар, «Ертіс» 12 рет қарсыластарымен тең тарқасты. Бұл Қазақстандағы клубтардың арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Ал, 9 рет Павлодардың командасы ұтылып қалған.
Доп айырмасы 35-32. Айта кетейік, «Ертіс» 35 голдың үшеуін пенальтиден салыпты. Ал, 19 голды Орталық стадионда соқса, қарсыластардың алаңында 16 рет мергендік танытқан (19+16=35). Тағы бір қызығы, павлодарлықтар сырт алаңда өз қақпасына 12 гол өткізіп, елімізде қонақта аз гол жіберген командалары арасында көш бастады.
Голдар жайлы қоса кететін тағы бір таң қалдырарлық ақпарат келесідей: 35 голдың тоғызын - қазақстандық футболшылар салса, қалған 24 допты «Ертістің» легионерлері салыпты (9+24=33, +2 автогол).
Ең көп гол соққандар: Карлос Фонсека ( 5 гол), Аслан Дарабаев (5), Антонио Родриго (5).
Ең ұзын бойлы ойыншы: қақпашы Антон Цирин, бойы 198 см. Ең бойы кіші ойыншы: жартылай қорғаушы Мирас Тулиев, 174 см.
Қазақстан чемпионаттарында ең көп матч өткізген - сөзсіз, қақпашы Давид Лория, 365 кездесу. Одан кейін қорғаушылар Александр Кислицин (277 матч) және Пірәлі Әлиев (250 мачт).
Команданың алаңдағы бапкері және нұсқаушысы ролін атқаратын капитан болса, Давид Лория биыл 30 рет осы қызметті атқарған. Бұл Қазақстанда биыл ең көп капитан болғандардың тізіміндегі екінші орындағы көрсеткіш.
2017 жылы павлодарлық футболшыларға 74 рет сары қағаз, 2 рет қызыл қағаз көрсетілген. Ең көп ескерту алған - Аслан Дарабаев (8 ескерту).
Осы маусымда Павлодардағы Орталық стадионға барлығы 57 800 адам келген. Салыстыра кетейік, 2016 жылы бұл көрсеткіш 1,5 есе көп болған.
Биылғы жылы «Ертістің» Димитар Димитровтың бас бапкерлігімен Еуропа Лигасында өнер көрсеткені белгілі. Бірінші турда Болгарияның «Дунав» командасын тізе бүктірген (1:0, 0:2) жерлестеріміз екінші кезеңде сербиялық «Црвена Звездамен» бақ сынасты. Екі ойын қортындысы бойынша (1:1, 2:0) азулы қарсыластар басым түскен еді.
Тамыз айында білікті маман Димитров қызметінен кетіп, орнына украиндік Вячеслав Грозный келді. Енді, павлодардықтар 2018 жылы (келісімшар жасалған жағдайда) Грозныймен бірге Еуропаға жорыққа шығады.
Командамыз жайлы өзге де сараптамалық материалдар алдағы уақытта жарық көретін болады.