Икер Касильяс Golden Foot жүлдесінің иегері атанды
Испанияның даңқты қақпашысы Икер Касильяс Golden Foot жүлдесінің иегері атанды. Бұл туралы 24.kz жазды.
Қазір «Портудың» қақпасын күзететін спортшы – жұмыр жердегі танымал ойыншылардың бірі. Бұл сыйлық атағы жер жарған саңлақтарға спорттық ғұмырында бір мәрте ғана беріледі. 28-ден асқан үміткерлер дәрежесі өзімен шендесе алатындармен бәсекеге түседі. Мысалы, биыл Golden Foot сыйлығынан Роналду, Месси, Сильва, Мануэл Нойер секілді серкелер үмітті болатын. 36 жастағы Касильяс солардың алдын орады. Икер – мұндай құрметке бөленген екінші қақпашы. Оған дейін италиялық Джанлуиджи Буффон жеңімпаз атанған еді.
– Шынымды айтсам, спортта менің жолым болды. Балалық шағымдағы армандарым орындалды. «Реал» сапында ойнадым. Испания құрамасының қақпасын күзеттім. Сан түрлі марапатқа ие болдым. Былайша айтқанда, бақытты шақты бастан кештім. Көп еңбек еттім, шелек-шелек тер төгілді. Соның өтеуі болар, - деді Икер Касильяс.