УЕФА Ұлттар Лигасының регламентін бекітті
Жаңа турнирдің мақсаты – көптеген достастық матчтарды ресми ойындарға ауыстыру арқылы футболдың құрамалар деңгейінде дамуына септігін тигізу. Сонымен қатар, деңгейі тең ұлттық құрамаларға бір-бірімен ойнауға мүмкіндік беру.
Лига командалардың классын жоғарылату және төмендету қағидасын ұстанады. Алғашқы жарыста 55 қатысушы УЕФА ұлттық құрамаларының 2017 жылдың 11 қазан күнгі рейтингісі бойынша әртүрлі лигаларға бөлінеді. А лигасына ең үздік құрамалар түседі, ал D лигасында рейтингісі төмен командалар ойнайды.
Әр төрт лига үш-төрт командадан құралған төрт топқа бөлінеді. 2018 жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында қатысушылар бір-бірімен өз және сырт алаңда ойнайды. Осылайша, командалар халықаралық футбол күнтізбесіне сай төрт немесе алты матч өткізеді.
Топ жеңімпаздарының классы жоғарылайды, ал соңғы орын алғандары келесі жарысты төменгі лигадан бастайды.
А лигасының төрт жеңімпазы 2019 жылдың маусым айында өтетін финалдық кезеңге қатысады. Онда жартылай финалдар, үшінші орын матч пен финал ойналады. Финалдық турнирдің иесі 2018 жылдың желтоқсанында УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында төрт үздік құраманың ішінен таңдалады.
Осылайша, еуропалық құрамалар Ұлттар Лигасының жеңімпазы атағы үшін, не жоғары лигаға өту үшін, не өз лигасындағы орнын сақтап қалу үшін сынға түседі.
Іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі 2018 жылдың 24 қаңтарында Лозаннадағы SwissTech Convention орталығында өтеді.