Саян Хамитжанов: Биылғы чемпиондықтың орны бөлек
«Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов команданың кезекті чемпиондығы туралы ой бөлісті.
- «Астана» қатарынан төртінші рет Қазақстан чемпионы атанып, жаңа рекорд орнатты. Әрине, оңай жолмен келген жоқ. Біріншіден, «Қайрат» әсіресе маусымның соңғы бөлігін жоғары деңгейде өткізді. Бізден бар-жоғы бір ұпайға қалып, басты бәсекелесіміз атанды. Ал екіншіден, біз Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығу үшін бар күшімізді салып келеміз. Екі жақта жарыс жолына шығу командаға оңай емес. Сол себепті ойыншыларымыздың мұндай қиындыққа шыдап жүргеніне алғысымды білдіремін, - деді Саян Хамитжанов egemen.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, «Астана» бүгін Премьер-лиганың соңғы турында Оралдың «Ақжайығын» өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізді.