Спорт қауымдастығы сыннан өтеді - Құлыбаев

Спорт қауымдастығы сыннан өтеді - Құлыбаев

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) XXII Бас Ассамблеясының жиынында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қарашаның 2-3 күндері әлемнің 205 елінің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің басшылары мен спорттық ұйымдардың жетекшілері, оның ішінде Халықаралық Олимпиадалық комитеттің президенті (ХОК) Томас Бах, ҰОКҚ президенті Шейх Ахмад Әл-Фахад Әл-Сабах Прага қаласында бас қосып, олимпиадалық спорттың көкейкесті мәселелерін талқылады.

Бас Ассамблеяның жыл сайын өтетін бұл жиыны жемісті қарым-қатынас орнатып, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қордаланып қалған кез келген мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді.

ҰОКҚ XXII Бас Ассамблеясының күн тәртібінде қаралған мәселелердің ауқымы кең болды. Отырыста «Agenda 2020» бағдарламасының орындалуы туралы, құрлықтық қауымдастықтар мен ҰОКҚ Бас хатшысының, комиссия төрағаларының есептері тыңдалды. 2018 және 2020 жылдардағы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеттерінің жарысқа дайындық барысы талқыланды.

Бас Ассамблеяның алғашқы күнінде баяндама жасаған ХОК президенті Томас Бах біраз мәселелерді қаузады. Ол бір сағаттық сөзінде таза спортшыларды қорғау, спортты тиімді басқару, допингке қарсы және сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

ХОК президенті ресейлік спортшыларға санкциялар қолдануға қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан әңгімелерді Халықаралық Олимпиада комитеті комиссиясының тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін орынсыз деп танып, сынға алды.

«Олимпиадалық қозғалыста әрбір адамның құқықтары мен міндеттері бірдей. Әрбір адамның мәселенің әділ қаралуын бақылауына құқығы бар», - деді Томас Бах.

ХОК басшысының айтуы бойынша ресейлік спортшыларға қатысты шешім желтоқсанда қабылданады.

Томас Бах Допингке тестілеу жөніндегі тәуелсіз агенттікті ITA (Independent Testing Authority) құрудағы ілгерілікті атап өтіп, допингпен күресті күшейтіп әрі тиімді қылу мақсатында делегаттарды ұйымды қолдауға шақырды. ХОК президенті таза спортшыларды қорғау жөніндегі шаралар туралы айтып, Оңтүстік Кореядағы Олимпиада ойындары қарсаңында спортшыларды тестілеу бағдарламасының күшейтілгеніне тоқталды.

Ал өз кезегінде ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев таза спортшыларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.«Бүгінде әлемдік спорттық қауымдастық алдында ғаламдық сын-тегеуріндер тұр. Оларды тек бірлесіп қана шешуге болады. Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының Бас Ассамблеясы сынды алаңдар қазіргі спорттағы көкейкесті мәселелерді талқылап қана қоймай, оны жақсарту мен жетілдіру мақсатындағы нақты шараларды айқындап, қолдануға мүмкіндік береді. Мәселен, Ұлттық Олимпиадалық комитеттер мен халықаралық федерациялар үшін таза спортшыларды қорғау шаралары өте маңызды. Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортта допингті қолдануға «нөлдік төзімділік» ұстанымын алға тарта отырып, допингке спортшыларды тестілеу жөніндегі тәуелсіз агенттіктің құрылуын қолдайды. Біздің алдымызда барлық деңгейде допингпен күресіп, таза спортшыларды қолдауға мүмкіндік беретін тиімді жүйені құру мәселесі тұр», деді ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

Бас Ассамблеяда олимпиадалық спорттағы оң өзгерістер де аталып өтті. Бірінші кезекте олимпиадалық бағдарламадағы гендерлік теңдік, жаңа спорт түрлерінің қосылуы, жас ұрпақты Олимпиадалық қозғалысқа қосуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды спортқа енгізу сияқты мәселелер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или