«Қайраттың» чемпиондығы «Ақжайықтың» қолында

«Қайраттың» чемпиондығы «Ақжайықтың» қолында

Футболдан 2017 жылғы ел чемпионатының жеңімпазы санаулы күннен соң белгілі болады. Үміткер – екеу. Әдеттегі «Астана» мен «Қайрат». Елордалық клубтың чемпион атануын 90%-ға бағалар едім. «Қайраттікі» - 10%. Бірақ сол 10 пайыз орындалып кетуі мүмкін бе?

«Ақтөбе» мен «Ақжайық»

«Қайратқа» чемпион болу үшін екі матчтың нәтижесі есептелмек. Алматылық клуб өз алаңында «Ақтөбені» жеңуі тиіс. Ал сол уақытта «Астана Аренада» елордалық команда оралдық «Ақжайықты» ұта алмауы керек.

Карлос Алос келгелі «Қайраттың» екінші демі ашылғандай. Үшінші кезеңнен бастап команда қарсыластың бәрін қоғадай жапырып келеді. Соңғы турда оларға «Ақтөбе» де кедергі келтіре алмас. Себебі «ақ-қызылдар» Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Мақсат орындалды – Алматының Орталық стадионына ерекше жігерлене шығады деуге сену қиын. Сондықтан, жеңісті ауадай қажет етіп тұрған «Қайрат» бұл ойында үш ұпай олжалауы тиіс.

Бірақ бұл үш ұпайдың пайдасы «көк тиын» болуы мүмкін. Себебі, «Астана» өз алаңында «Ақжайықпен» кездеседі. Расын айтқанда, «Астана Аренаға» оралдық клуб емес, ортаңғол командалардың бірі келгенде, үміт болар еді. Ал «Ақжайық» «Астанаға» азуын батыра қояды деп айта алмаймын. Себебі, оралдық клубтың жағдайы түсінікті – команда 10-шы орында келеді. Енді електік матчқа дайындалуы тиіс.

«Астана» Еуропа лигасында өнер көрсетіп жатқандықтан, «Ақжайыққа» қарсы екінші құрамын шығарады дегенге сену қиын. Бұған дейін Стойлов мырза ел чемпионы атану үшін еурокубок матчына екінші құрамын шығарғаны есімізде. Демек, «Астана» үшін ел чемпионаты маңыздырақ, соңғы турда «Ақжайыққа» қарсы ойында өзінің ең мықты құрамын шығарады деген сөз.

«Атырау» «Қайратқа» жанкүйер болады

Жоғарыда айтқан екі матч басқа да клубтардың да назарында болмақ. Себебі, еурокубокқа жолдама алатын төртінші команда ел чемпионына байланысты анықталмақ. Мысалы, «Астана» чемпион болса, төртінші орын алған клуб («Ертіс» немесе «Тобыл») Еуропа лигасына жолдама алады. Сондықтан, бұл клубтар жексенбі күні «Астананың» тілеуін тілемек.

Ал «Қайраттың» чемпион болуын «Атырау» жанкүйерлері тілейді. Себебі ережеге сай, «Қайрат» чемпион болса, ел Кубогының финалында олардан жеңіліп қалған «Атырау» еурокубокқа өтеді. Сондықтан, Астана мен Алматыда өтетін матчтар бірден жеті клубтың назарында болмақ.

Кім чемпион болады?

«Қайрат» жанкүйерлері үшін үміт сәулесі болып көрінетін бір дерек – «Астана» бүгін Еуропа лигасы аясында Израильде матч өткізеді. Үш күннен кейін «Ақжайықпен» ойын. Демек, футболшылар толық қалпына келіп үлгермеуі мүмкін. Бірақ алматылық клубтың ойыншысы Андрей Аршавин айтқандай, «мұндай үміттің бәрі қиял». «Астана» қандай жағдай болса да, «Ақжайықты» ұту үшін барын салады. Яғни, «Қайраттың» чемпиондық тағдыры Премьер-лигада қалу үшін жан таласып жатқан «Ақжайықтың» қолында. Бюджеті бір миллиард теңгеге де жетпейтін оралдық клуб өзінен бірнеше есе бай «Астананы» тоқтата ала ма? «Маккаби» мен «Оқжетпестің» күйін кешіп қайтатын шығар... Кім білсін?

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или