Самат Смақов жанкүйерлермен кездесті
«Ақтөбенің» аты аңызға айналған ойыншысы, капитаны Самат Смақов Ақтөбе қаласына келген бетте «ақ-қызыл» жанкүйерлермен кездесті.
Іс-шара жақында ғана ашылған «Ақтөбе» ФК-ның «Aktobe Otbasy» атты фан-шобында өтті. Кездесу барысында қолтаңба-фото сессия ұйымдастырылып, футболшы футбол сүйер қауыммен бейресми әңгімелесті. Самат Смақов фан-дүкеннің ашылуын құптап, оң баға берді. Тіпті капитанды айрықша сылайтын бір жанкүйер фан-шоптың арнайы қонағы болған Саматқа баласының тұсауын кестіріп, үлкен құрмет көрсетті.
«Ақ-қызылдардың» капитаны Самат Смақовты елімізде білмейтін футбол жанкүйері сірә жоқ. Футболшы «Ақтөбеге» 2007 жылы ауысып, 6 жыл бойы «Ақтөбенің» капитаны болды. 2007, 2008, 2009 жылдары қатарынан үш рет ел чемпионы атанып, осы үш жыл бойы біріншіліктің үздік ойыншысы деген атақты жеңіп алды. Ақтөбе футболының тарихында Смақовтың орны ерекше.
Экс-капитан қазіргі уақытта шымкенттік «Ордабасы» клубында өнер көрсетеді. Ол 28-ші қазан күні өткен «Ақтөбе» мен «Ордабасы» ойынына қатысу үшін қаламызға ат басын тіреген болатын. ҚПЛ-дың 32-ші туры аясында өткен ойын 2:0 есебімен ақтөбеліктердің пайдасына шешілген болатын.