Асланбек Кәкімов: Жанкүйерлерге ойыным ұнаған болса, мен қуаныштымын
«Ақтөбе» футбол мектебінің түлегі Асланбек Кәкімов «Ордабасымен» өткен ойынды қорытындылады – 2:0.
-Асланбек, команданың жеңісімен құттықтаймын. Біріншілік аяқталуға бір тур қалғанда «Ақтөбе» қауіпті аймақтан шыға алды, мойыннан ауыр жүк түскендей болды ма?
- Рахмет! Әрине, командамыз маңызды жеңіске жетіп, үш ұпай алдық. Оның үстіне қауіпті аймақтан шығып кеттік. Осының бәрін есепке алсақ, мойнымыздан жүк түскендей болды десе болады. Тапсырманы орындадық, сол үшін қуаныштымын.
-Кеше «Ақтөбе» қалай да жеңу керек еді, әйтпесе кестедегі жағдайды қиындатып алар едік. Өзіңе, командаластарыңа бұл қосымша қысым болып, кедергі келтірмеді ме?
- Иә, тек қана жеңіс керек болғандыктан, бірінші голға дейін шамалы қысым болды. Соған қарамастан, жақсы ойын өрнегін көрсеттік деген ойдамын.
-Соңғы ойын Алматыда өтеді. Бас бапкер қандай құрам шығаруы мүмкін? Қосалқы құрамда отырған жас ойыншыларды тегіс ойынға шығаруы мүмкін бе?
-Соңғы ойын біз үшін турнирлік кестеде маңызы болмаса да тек жеңіс үшін ойнаймыз. Егер ойынға негізгі құрамда шығар болсам, өз басым «Қайратқа» қарсы екі есе жігермен шығар едім, командаластарым да сондай ойда. Әрине, «Қайратқа» ұпай керек болғандықтан, олар бар күшін салатын болады.
-Әр ойыншы жыл сайын шеберлігінің шыңына жетіп отырады. Бұл әр футболшыда әрқалай болады. Сен соңғы ойындарда тұрақты, бірқалыпты ойнап жүрсің. «Ертіспен» өткен ойында статистика бойынша ойынның ең үздік ойыншысы атандың. Сен биыл өз бабыңның шыңына шықтың ба?
- Мен бұл маусымда өз шеберлігімді толықтай көрсете алмадым. Сол себепті болар, маусым ортасында негізгі құрамнан шығып қалдым. Бірақ, маған берілген аз уақыттың ішінде жанкүйерлерге ойыным ұнаған болса, мен қуаныштымын. Дегенмен әлі де ойынға тоя қойған жоқпын.