Саян Хамитжанов: Біз үнемі «Қайраттан» тактика жағынан жеңілеміз
«Астананың» Бас менеджері Саян Хамитжанов футболдан Қазақстан чемпионатының 0:2 есебімен елордалық ұжым есе жіберген «Астана» - «Қайрат» командалары арасындағы драмалық ойын туралы пікір білдірді.
— Алдымен, «Қайратты» лайықты жеңісімен құттықтаймын! Қарсыластар өз мүмкіндіктерін пайдаланды. Қорғаныста индивидуалдық кемшіліктер жібергеніміз үшін бізді жазалады. «Қайраттың» бұл жеңісі чемпионаттағы бәсекені барыншы қыздыра түсті. «Қайрат» біз үшін аса қиын қарсыласқа айналды деуге болады. Олардың бапкері кім болуынан тыс, қандай құраммен ойнауынан тыс бізді жеңіп жатыр. «Оқжетпес» немесе «Атырауға» қарағанда «Қайрат» бізге қарсы сәтті ойнайды.
— «Қайраттың» «Астанадан» басымдығы неде?
— Меніңше, біз «Қайратқа» үнемі тактика бойынша жеңілеміз. Негізгі мәселе де осында. Оны қалай шешуге болатынын ойластырамыз. Бұл біз үшін нағыз бас қатыратын жағдай. Өйткені, біздіңше, футболшылардың деңгейі жағынан да, ойынға деген ықылас жағынан да, бапкерлердің біліктілігі жағынан да «Қайраттан» кем түспейміз. Мүмкін, «Қайратқа» қарсы алаңға Премьер-лиганың басқа командаларына қарағанда өзгешелеу ойынмен шығу қажет шығар. Бірінші нөмірге таласа бермей, тактикалық тұрғыдан мығымырақ ойнап, қулығымызды асыру керек деп ойлаймын.
— Енді «Астана» келесі аптада қатарынан екі ойын өткізуі тиіс. Осы екі ойынға команданың күші жете ме?
— Екі ойында да барымызды салудан басқа амалымыз жоқ. УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі «Маккабиге» қарсы ойын мен ел біріншілігіндегі «Ақжайыққа» қарсы ойын арасында үзіліс жоқ екенін ескерсек, бапкерлер штабына қысқа уақытта қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Екі ойында да нәтиже талап етіледі.
— Стадионнан тура ауруханаға әкетілген Юрий Логвиненконың жағдайы қалай?
— Жарақаты айтарлықтай ауыр, ол Израильде командаға көмектесе алмайтын шығар. Юрий — командамыздың белді ойыншысы, біз маңызды ойын алдынан үлкен зиян шектік.
— «Астананың» соңғы турдағы қарсыласы «Ақжайық» соңғы тур алдынан чемпионаттан бірден шығып кетпей, плей-офф кездесуіне қатысуы белгілі болып үлгерді, осы жайт соңғы турда командаға көмектесе ме?
— Бұл жайт біздің алдымызда тұрған мәселені жеңілдетеді деп ойламаймын. Барлығы да өзімізге байланысты болып отыр — бар күшімізді жұмсап, өз ойынымызды көрсетуіміз қажет.