«Ертіс» футболшылары балалар лагеріне барды
Бүгін, жаттығу аяқталған соң «Ертіс» ФК Кенжекөлдегі отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып қайтты.
Жақсылық жасау үшін себеп іздеудің қажеттілігі жоқ, сондықтан барлық футболшылар балаларға қуаныш сыйлау үшін бірден келісім берді.
Бұл жерде еңбек ететін адамдардың арқасында балалар үшін жылулық пен мейірімділіктің әсері сезіліп тұрғаны байқалып-ақ тұрды. Ұл-қыздар футболшыларды құшақ жая қарсы алып, тәтті дастарханнан дәм татқызды. Еркін отырыс барысында олар ашық әңгімеге көшіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Қонаққа аттанған бапкерлер мен футболшылар бос қол бармады. Кәсіби спортшылар балаларға арнап клуб атрибутикаларынан бөлек доптарды сыйға тартты.
Кездесудің ең маңызды бөлігі - Меморандумға қол қойған сәт болды. Келесі жылдан бастап кенжекөлдік балалар негізгі құрамның ойыншыларын алаңға қолдарын ұстап бірге шығатын болады.