Елдос Ахметов: Ақтөбеліктердің «Атырауды» қолдайтынын білдік
Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Елдос Ахметов Қазақстан кубогының финалы туралы пікірімен бөлісті.
- Бүгінгі матч жанкүйерлердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Финалдық ойындардың оңай болмайтыны белгілі ғой. Мұндай кездерде футболшы алаңға тек ұтуды мақсат қылып шығады. Бүгін біз алаңда барымызды салып, өзімізге қажетті жеңіске қол жеткіздік.
- «Атырау» - ҚПЛ-да қалу үшін күресіп жатқан команда. Сондықтан, жанкүйерлер бүгінгі ойында «Қайраттан» сенімді жеңіс күткен. Бірақ 1:0 есебі ғана тіркелді. Не себепті деп ойлайсыз?
- «Атырау» жақсы ойыншылардан құралған. Финалға оңай команда шықпайды ғой. Сол себепті, финалда фаворит жоқ деп айта аламын. Өздеріңіз де көрдіңіздер, тартысты ойын болды.
- Бүгін ақтөбеліктер «Атырауға» қолдау көрсетті. «Қайрат» «Атыраудың» алаңында ойнап жатқандай әсер болмады ма?
- Мұндай боларын сездік. Өйткені, Атырау мен Ақтөбе көршілес қалалар ғой. Сондықтан, «Ақтөбенің» жанкүйерлері бүгін «Атырауға» қолдау көрсететінін білдік. Сондықтан, бүгін мұндай жайтқа таңқалған жоқпыз.
- Алаңның сапасы қалай болды? Өздеріңе үйреншікті футболды ойнауға кедергі келтірмеді ме?
- Иә, сәл кедергі келтірді (күліп). Бірақ бұл мезгіл үшін көгалдың жағдайы жақсы деп ойлаймын. Егер алаңның сапасы сәл жақсырақ болғанда, бүгінгі футболдың көркі ашыла түсер еді.
- Соңғы сұрақ. Келесі маусымда «Қайратта» қаласың ба?
- Бұл туралы әзірше ештеңе айта алмаймын. Маусым бітсін, кейін бас бапкер және басшылықпен сөйлесеміз. Келесі жылға қандай мақсат қойылғанын айтып, маған үміт артатын болса, көре жатармыз.