«Қайрат» - «Атырау»: ойын алдында
Бүгін футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойыны өтеді.
Ақтөбенің «Қобыланды батыр» атындағы стадионында алматылық «Қайрат» «Атыраумен» кездеспек. Бұл Қазақстан Кубогының 26-шы финалы. Осыған дейін «Қайрат» Қазақстан Кубогында жеті рет жеңіске жетсе, мұнайлы өлкенің командасы тек бір-ақ рет топ жарған екен.
«Қайрат» финалға дейін «Тараз», «Ертіс» және «Ордабасы» командаларын жолынан ығыстырды. Ал «Атырау» «Қыран», «Ақтөбе» және «Шахтер» сынды ұжымдарды финалға жібермеді.

Финалға шыққан командалардың тізімін қарап жеңісті бірден «Қайратқа» беріп қойсаңыз қатты қателесесіз. Себебі бұл финал. Ал финалда дәлірек айтқанда бір ойында әртүрлі жағдай болып жататына бесенеден белгілі. Биылғы маусымда алматылық команда мен атыраулық клуб үш рет кездескен. Әр команданың еншісінде бір-бірден жеңіс бар, тағы бір ойын тең аяқталған. Ия расымен де «Қайратқа» атыраулық ұжым қолайсыз қарсылас. Оған тағы финалдық ойынның Ақтөбеде өтетінін ескеріңіз(«Қобыланды батыр» атындағы стадионында алматылықтардан көрі атыраулық жанкүйерлердің көп болатынына бәстесе аламын).
«Қайратта» математикалық тұрғыдан әлі де ішкі біріншілікте топ жаратын мүмкіндік бар. Екінші орынның өзі Еуропа лигасына жолдама береді. Ал «Атырау» үшін ертеңгі финалда жеңіске жету маусымды жақсы нәтижемен аяқтау дегенді білдіреді. Сол себепті «Атырау» командасының жігіттері ертеңгі ойынға «не бел, не белбеу кетеді» деп шығары сөссіз.
Қуаныш Қабдулов «Атырау» бапкері: Барлық ойыншылар ертеңгі ойынға дайын. Жарақат алған ешкім жоқ. «Қайрат» Қазақстандағы үздік командалардың бірі екені рас. Алайда біз ертеңгі ойында тек жеңіске жету үшін шығамыз.

Карлос Алос «Қайрат» бапкері: Әрқашанда финалдық ойын ерекше болады. Екі команданың мүмкіндігі бірдей. Біз бұл ойынға ерекше дайындалудамыз. Өткен жылы финалда жеңіске жету қолдан келмеді. Сол олқылықтың орнын биыл толтырсақ дейміз. «Атырау» өте қолайсыз қарсылас. Алайда біз қолдан келгенді аянып қалмаймыз.

Естеріңізге салсақ, финалдық кездесу ертең Астана уақытымен 19:00-де басталады. Ойында «Qazsport» арнасы тікелей эфирден көрсетеді.