Андорра, Косово, Гибралтар... Ұлттар лигасы несімен қызық
УЕФА құрамалар арасындағы жолдастық кездесулерді алып тастап, орнына Ұлттар лигасын құрды. Мұнда командалар өз деңгейіне сай құрамалармен кездеспек.
Жалпы, УЕФА-ға мүше 55 ел бар. Сол құрамалар өзара 4 лигаға бөлінген. Құрамалар өз деңгейлеріне сай бөлінеді. Өзіңіз де іштен біліп отырған шығарсыз, Қазақстан құрамасы, соңғы, 4-ші дивизионға түсті. Қарсыластарымыз Германия, Франция не Испания сынды азулы командалар емес. Тіпті, Дания, Румыния немесе Черногория сынды ортаңқол құрамалар да жоқ. Қарсыласымыз кім дейсіз ғой? Бұлар – Андорра, Сан-Марина және Гибралтар сынды құрамалар.
«А» лигасы
Жоғарыда айтқанымыздай, Еуропаға енетін құрамалардың бәрі рейтингіге сай төрт дивизионға бөлінген. «А» дивизионында ең жоғарыда тұрған 12 құрама кездеседі. Бұлар – Германия, Португалия, Бельгия, Испания, Франция, Англия, Швейцария, Италия, Польша, Исландия, Хорватия, Нидерланды.
12 құрама үш құрамадан төрт топқа бөлініп, әр квартеттің жеңімпаздары плэй-офф кезеңіне өтеді. Осылайша, олар Ұлттар лигасының жеңімпазын анықтайды. Ал өз топтарында соңғы орын алғандар «В» лигасына түсіп қалады.
«В» лигасы
Ал енді «В» лигасына тоқталсақ. Мұнда УЕФА рейтингісінде 13-24 орындарға орналасқан 12 құрама бақ сынасады – Аустрия, Уэльс, Ресей, Словакия, Швеция, Украина, Ирландия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Ирландия, Дания, Чехия, Түркия.
Олар да үш командадан төрт топқа бөлінеді. Әр топтың үздік командасы «А» лигасына жолдама алады. Тиісінше, өз тобында соңғы орын алған командалар «С» лигасына сырғиды.
«С» лигасы
Рейтингіде 25-39 сатыларға жайғасқан 15 құрама «С» дивизионын құрамақ – Венгрия, Румыния, Шотландия, Словения, Грекия, Сербия, Албания, Норвегия, Црна Гора, Израиль, Болгария, Финляндия, Кипр, Эстония, Литва.
15 команда төрт топқа бөлінген. Мұнда да сол ереже сақталады. Топ жеңімпаздары жоғары көтерілсе, соңғы орын алғандар төмендейді.
«D» лигасы
Біздің дивизионға да келдік. УЕФА рейтингісіндегі соңғы 16 құрама «D» лигасында жиналған – Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург, Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар.
16 команда төрт топқа бөлініп, әр квартеттің жеңімпаздары «С» дивизионына жоғарылайды.
Соңғы дивизионда болғанымыз да жаман емес, негізі. Себебі әр лиганың жеңімпаздары 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алады. Яғни, УЕФА әр лигаға бір-бір жолдамадан берген. Мысалы, Қазақстан өз тобында жеңімпаз болса, лигадағы басқа квартеттердің жеңімпаздарымен бірге плэй-офф кезеңін өткізеді. Жеңіске жеткені, «D» лигасынан-ақ тікелей ЕУРО-ға аттанады.
Ұлттар лигасының ойындар кестесі:
Топтық кезеңнің жеребе тарту рәсімі: 24.01.2018 ж.
1-тур: 2018 жылдың 6-8 қыркүйегі
2-тур: 2018 жылдың 9-11 қыркүйегі
3-тур: 2018 жылдың 11-13 қазаны
4-тур: 2018 жылдың 14-16 қазаны
5-тур: 2018 жылдың 15-17 қарашасы
6-тур: 2018 жылдың 18-20 қарашасы
Финалдық кезеңнің жеребе тарту рәсімі: желтоқсан, 2018 ж.
Финалдық кезең: 5-9.06.2019 ж.
«Еуро-2020» електік ойындарының жеребесі: 22.11.2019 ж.
«Еуро-2020» електік ойындары: 26-31.03.2020 ж.