Республикалық спорт колледжі балалар үйінің тәрбиеленушілерін қарсы алды

№1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Республикалық спорт колледжіне қонаққа келіп, футболдан бақ сынасты.
Қалада жалпы, бірнеше балалар үйі бар, әсіресе, 1-ші балалар үйінің тәрбиеленушілері қалалық спорттық шаралардың белсенді қатысушылары. Бүгін олар дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика бөлімдерінде жаттығатын спортшылардың өнерін тамашалап қайтты. Сонымен қатар, колледж оқушылары қонаққа келген балалармен футболдан бәстесті.
Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басым бөлігі нағыз спортшы болуды армандайды. Осыған байланысты олар жоғарғы оқу орнын қазірден бастап қарастыруда. Айта кетсек, олар бұған дейін «Қайрат» футбол клубы, Орталық стадион, Алматы Арена және т.б. спорттық нысандарында болған.
- Біз республикалық спорт колледжіне балаларды спортқа, салауатты өмір салтына баулу мақсатында алып келдік. Оларға барлығы ұнады. Біз кәсіпқой спортшылардың дайындығын тамашаладық. Келешекте, біздің де тәрбиеленушілер осында оқиды деген сенімдеміз, - деп атап өтті №1 балалар үйінің тәрбиешісі Ерік Тоқтамысұлы.
Экскурсиядан соң, балалар республикалық спорт колледжінің спортшыларымен футбол ойнады. Жарыс нәтижесінде, кездесу 5:5 есебімен аяқталды.
- Мен футбол ойнағанды ұнатамын, бүгінгі матч керемет өтті. Өзім осы спорт түрімен кәсіби шұғылданамын, Еңбек футбол клубының ойыншысымын. Бізге сыйлық беріп, осында шақырған ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз, - деп бөлісті №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Сергей Бурнашев.
Ойын барысында ерекшеленген футболшыларға ұйымдастрыушылар атынан сыйлықтар табысталды.