«Ақтөбе» футболшылары жергілікті телеарнада қонақта болды
«Ақтөбе» футбол клубы қорғаушысы Саят Жұмағали мен қақпашы Самат Отарбаев бүгін «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында қонақта болып қайтты. Бұл туралы «Ақтөбе» ФК баспасөз-қызметі хабарлады.
Жергілікті телеарнаның «Қайырлы таң» бағдарламасы таңғы эфирінде спорт, соның ішінде футбол тақырыбын қозғады. Көрермендер бағдарламаға қоңырау шалып, қонақтарға сұрақтарын қойысып жатты. Самат пен Саят телекөрермендер алдында спорттағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, пайдалы кеңестерін айтты. Команданың қазіргі уақыттағы жәй-жапсары, ойыншылардың көңіл-күйі, футболдан тыс өмірлері, алға қойған жоспарлары талқыланды. Сөз соңында Жұмағали мен Отарбаев барша жанкүйерлерге ыстық лебіздерін білдіріп, 20 қыркүйек күні өтетін «Ақтөбе» мен «Тобыл» арасындағы ойынды тамашалау үшін Қобыланды батыр стадионына шақырды. 20 минуттық эфир келген қонақтар үшін де, экран алдындағы көрермендер үшін де қызықты өтті.