«Астана» балаларға арналған футбол науқанын жалғастырады
«Астана» Президенттік клубының құрамына енетін «Астана» футбол клубы әлеуметтік жобаларды дамытуға арналған «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен балаларға арналған футбол науқанын қайта бастады. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі хабарлады. <br />
Бұл акция бойынша 6 қыркүйек күні Астанадағы №75 мектеп-лицейдің «4-Ж» және 4-М» сыныптарына ашық дене шынықтыру сабақтары өткізілді. Аталмыш сыныптың оқушыларына ашық дене шынықтыру сабағын «Астана» футбол орталығының жаттықтырушысы Павел Халезов жүргізді. <br /> Павел жылдамдық, допты алып жүру, пас беру сияқты футбол дағдылары бойынша балаларға өз тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ ашық сабақтың қызықты өтуіне «Астана» футбол клубының маскоты - «Барсик» өз үлесін қосып, іс-шара барысында балалардың көңілін көтерумен болды.
Ашық сабақ соңында 75 мектеп оқушылары мен ұстаздарына естелік сыйлықтар мен 9 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында өтетін «Астана» және «Атырау» командалары арасындағы ойынға билеттер табыс етілді.
«Астана» футбол клубы «Астана» Президенттік клубының бастамасы бойынша және әлеуметтік серіктесі «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен стадионның Е8 секторын «отбасылық сектор» жасауды жоспарлап отыр. Ал балаларға арналған футбол науқанының қатысушылары өз ата-аналарымен бірге осы секторда «Астана» футбол клубының өз алаңындағы кездесулерінде елордалық командаға жанкүйерлік ететін болады.