Астанада өткен футбол турниріне опера майталмандары қатысты

Астанада өткен футбол турниріне опера майталмандары қатысты

«Астана Арена» стадионында Ла Скала, «Астана Опера» театрлары мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрамалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.

Сонымен қатар әуесқой спорттық додаға гастрольдердің бірыңғай ресми демеушісі – итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы мен астаналық театрдың әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорының командалары қатысты. Еске салар болсақ, аңызға айналған миландық театрдың гастрольдері ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасы аясында 1-9 қыркүйек күндері «Астана Опера» сахнасында өтуде.

Осылайша, жексенбілік турнирде бес топ бақ сынасты. Ойын қорытындысы бойынша, бірінші орынды құрамында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов, Абай атындағы МАОБТ директоры Асқар Бөрібаев, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры Мырзахан Қадыров және тағы басқалары болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі иеленді. Бұдан кейінгі орындарға топтар келесі ретпен жайғасты: екінші орын – «Астана Опера» театры, үшінші орын - «Samruk-Kazyna Trust», төртінші орын – Ла Скала театры, бесінші – итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марапаттау рәсіміне келіп үлгерді. Ведомство басшысы журналистерге аңызға айналған Ла Скала театрының гастрольдік турымен бірге Астанаға ұшып келген атақты маэстро Зубин Метаға Түркістан қаласындағы қасиетті орындарға экскурсия жасағанын айтып өтті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы жолдастық матчтың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне спорттық кубок пен медальдарын табыс етті. Министр баршаны керемет ойынмен құттықтап, мәдениет пен спорттың барлық мемлекет мен құрлықты біріктіріп, еліміз бен халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатынын атап өтті.

Турнирдің үздік ойыншысы болып Ла Скала театрының қақпашысы – Андреа Виталини табылды. Итальяндық құраманың жеңісі үшін не жетпей қалғанын одан сұрап білген едік.

- Миланда біздің команда әр дүйсенбі күні жаттығады, ал қазір біз турне аясында жүргендіктен, кәсіби емес ойыншылар қатысты, бірақ бүгін жеңіске ұмтылып, бар күш-жігерімізді ортаға салдық. Гастрольдерде футбол ойнау дәстүрі 60-шы жылдары туындаған еді. Жолдастық кездесулер Венада, Мәскеуде және тағы басқа елдер мен қалаларда өткізілді. Мен – Ла Скала футбол командасының президентімін, тобымыз театрлар арасындағы Еуропа чемпионаттарына қатысады. Әдетте турнир мамыр айында өтіп тұрады. Егер «Астана Опера» командасы еуропалық театрлар арасындағы матчқа қатысуға ниет білдірсе – біз шақырамыз! Біздің бастамамызды қолдап, осындай керемет стадионда матч өткізуге мүмкіндік ұсынғаны үшін «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяровқа алғысымызды білдіреміз. Театрдан тыс кездесіп, бірге уақыт өткізу – бір ғанибет емес пе, - деп бөлісті Андреа Виталини.

Еске салар болсақ, 4, 6, 8 қыркүйек күндері Ла Скала театры «Астана Опера» сахнасында Дж. Вердидің «Фальстаф» спектаклін ұсынбақ, ал 7 және 9 қыркүйекте астаналық тұрғындар мен қонақтар үшін Л. ван Бетховеннің №9 симфониясы шырқалмақ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или