Александр Бородюк: Польшаға қарсы ойынға тыңғылықты дайындалдық
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк ертең Польшамен өтетін ойын туралы айтып берді.
- Польша құрамасы өте мықты қарсылас. Біз бұл ойынға өте тыңғылықты дайындалдық. Черногориямен өткен кездесуді ұмыттық. Ертең жақсы ойын көрсетуге тырысамыз. Жігіттер бұл матчта өздерін мықты қырынан көрсетуі тиіс.
- Ұлттық құрамаға төрт қақпашыны шақырдыңыз. Ертең Давид Лорияның орнына басқа голкипер шығып қалуы мүмкін бе?
- Өзгерістер болады. Бірақ көп емес. Негізгі құрамда кімдердің шығатынын тек ертең білесіңдер.

- Дмитрий Шомко мен Гафуржан Суюмбаев Черногория қарсы бір қапталда өнер көрсетті. Бұл дуэт ертең де алаңға шыға ма?
- Бұл сұраққа Черногорияның бас бапкері жауап берген болатын. Ол қауіпті шабуылдардың бәрі сол қапталдан келгенін айтқан еді. Бірақ Черногория құрамасы Польша емес. Сондықтан көреміз.
Сондай-ақ, тілшілердің сұрақтарына Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат жауап берді.
Исламбек Қуат:
- Біздің командада еліміздің үздік футболшылары жиналған. Жуков пен Байжановсыз ауыр бола ма дейсіз бе? Ұлттық құрамадағы әр футболшы бір-бірін алмастыра алады. Бұл тұрғыда еш қиындық жоқ. Черногориямен өткен матчтағы қателерімді байқадым. Ертең Польшаға қарсы ойында қолайлы нәтижеге жету үшін бар күшімді саламын.
