Владимир Никитенко: «Барселона» не «Реал» сияқты ойын күтпеңіздер

Владимир Никитенко: «Барселона» не «Реал» сияқты ойын күтпеңіздер

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Владимир Никитенко ертең Черногория командасына қарсы матчта әдемі футболдан көрі, нәтижеге көңіл бөлетінін айтты.

- Еуропалық күздің басталғанымен құттықтағым келеді. Біз көктемде бұл турнирді бастап кеткенбіз. Бір матч ойнадық, бірақ негізгі ойындар енді басталып жатыр. Алдағы бір жарым айда төрт матч ойнаймыз. Қарсыласқа келер болсақ, бәрі де білікті, көрсеткіштері жақсы. Алға қойған мақсатымыз – алғашқы екі орынның бірін еншілеу. Өз қабілетімізді көрсетуге тырысамыз.

- Ертеңгі матчқа қандай материалдармен дайындалдыңыздар?

- Біздің күнтізбеміз Еуропадан басқаша. Сондықтан, мықты құрамалармен жолдастық кездесу өткізе алмадық. Бірақ Ресей және Чехиямен матч өткізу туралы ұсыныс болған. Әйтсе де, күнтізбе сәйкес болмады. Олар ұсынған уақытта бізде Премьер-лига матчтары болып жатты. Сондықтан, жиынды Қазақстанда өткізіп, еліміздегі мықты клубтармен ойнап шықтық. Дайындығымыз жақсы.

Қарсыласқа келер болсақ, бұл жаңа кезең, жаңа ойыншылар. Қарсылас командамен таныспыз. Көптеген ойыншылары Португалия, Швейцария, Италия және Венгрия сынды еуропалық чемпионаттарда ойнайды. Олар әлі матч өткізген жоқ, сол жағын зерттей алмадық. Олармен матч кезінде танысамыз деуге болады.

- Сіздің командаңыз Люксембургке қарсы матчта жеңіске жете алғанымен, сүреңсіз ойын көрсетті. Ертеңгі матчта мүлдем басқа ойын көре аламыз ба?

- Сүреңсіз бе, жоқ па, статистиканы қарайық. Біз қақпаға жеті соққы жасап, оның бесеуін дәл бағыттадық. Ал допқа иелік ету көрсеткіші маңызды емес, есеп маңызды. Олар 11 соққы жасап, екеуін қақпаға дәл бағыттады. Әрине, бәрі де «Барселона», «Бавария» немесе «Реал Мадрид» секілді клубтар көрсететін комбинациялық футбол көргісі келеді. Бірақ бірден айтайын: біз «Челси» не «Барселона» секілді футбол көрсетпейміз. Біз үшін маңыздысы – нәтиже. Әдемі ойнағымыз келеді, әрине. Ал әдемі футбол деген не? Бұл допқа иелік ету, пастар, допты қайтарып беру ме? Әдемі футбол деген – голдар, мүмкіндіктер, соққылар. Допқа иелік ету бойынша, француздар мен черногориялықтарға қарсы тұра алмаймыз.

- Демек әдемі футбол күтпей-ақ қояйық па?

- Әдемі футбол көрсетуге тырысамыз. Әр матчта жеңуіміз қажет. Мақсатымыз – топта екінші орын алу. Ол үшін топта алты жеңіс керек, біреуі бар. Енді қалған тоғыз матчтан бес жеңіс қажет.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или