«Реал» - «МЮ»: ойын алдында
Бүгін түнде Македония астанасы Скопьеде УЕФА Суперкубогы өтеді.
Чемпиондар лигасында топ жарған «Реал» Еуропа лигасында үздік атанған «Манчестер Юнайтед» клубымен кездеседі.
Мадридтік команданың бас бапкері Зидан бүгінгі ойында жеңіске жетіп УЕФА Суперкубогын екі жыл қатарынан жеңіп алған «Миланның» жетістігін қайталауды теріс көрмесе керек. Дегенмен «Реалдың» басты жұлдызы Роналду бүгінгі ойынға қатыспауы да мүмкін. Жаңа маусымға дайындықты командаластарымен салыстырғанда кеш бастаған Роналдуға Зидан бапкер демалыс беруі де ғажап емес. Зинедин Зиданның қол астындағылардан Роналдудан өзгелерінің бәрі бүгінгі ойынға сақадай сай.
Ал МЮ клубында жарақатына байланысты бүгінгі ойынға бірнеше ойыншы қатыса алмайды. Джонс, Байи, Рохо, Шоу және Янг бүгінгі ойынға қатыспайтындар қатарында. Аталған қорғаушыларсыз Жозе Моуринью командасына «Реалдың» шабуылына төтеп беру қиын болары анық. Дегенмен «Реалдың» тізгінін бірнеше жыл ұстаған Моуринью мадридтік командаға қарсы да қалай ойнау керектігін білетін болар.
Ойын Астана уақытымен 00-45-те басталады. Кездесуді Қазақстан аумағында ҚазСпорт арнасы көрсететін болады.