«Астананың» шабуылшы Джуниор Кабанангаға Англияның үш бірдей клубы қызығушылық танытып отыр.
Бұл туралы «Nottingham Forest» басылымы хабарлады. Өткен маусымда Англия Премьер-Лигасында өнер көрсеткен «Халл Сити» және Чемпионшипте ойнайтын «Лидс» пен «Ноттингем Форрест» клубтары Конго ДР құрамасының шабуылшысын өз қатарларында көргісі келеді. «Ноттингем Форрест» командасы 28-жастағы сұрмерген үшін 1,7 миллион еуроға дейін шығындалуға әзір.
Айта кетейік, Джуниор Кабанангаға италиялық А сериясының клубы «Кротоне» клубы да қызығушылық танытып отыр. Жақында Prosports.kz-ке берген сұхбатында «Астана» шабуылшысының өкілі Серж Татьефанг Кабанангаға Франция, Түркия, Бельгия мен Қытайдан тоғыз ұсыныс түскенін айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, биыл Джуниор Кабананга Африка Ұлттары кубогының үздік сұрмергені тізіміне енген болатын. Сондай-ақ, ол Қазақстан чемпионатында 14 гол соғып, үздік сұрмергендердің бірі саналады.