Асу Алмабаев: Сөзсіз, Арман Оспанов өз салмағының үздігі

Асу Алмабаев: Сөзсіз, Арман Оспанов өз салмағының үздігі

Қазақстандық ММА файтері, «Alash Pride» клубының өкілі Асу Алмабаев ProSports.kz сайтына берген сұхбатында АСВ ұйымымен келісімшарты жайлы, келесі жекпе-жегін қашан өткізетінін және еліміздің ең мықты файтері кім екенін айтты.

 - Cоңғы жекпе-жегіңде Мехман Мамедовке есе жібердің. Жеңіске жетуге не жетпеді? Физикалық тұрғыдан дайындық нашар болды ма әлде психикалық дайындық нашарлау болды ма?

- Мехманға қарсы жекпе-жекке дайындық жоғары деңгейде өтті. Тек салмақ өлшеу рәсімі күні көрсеткіш сәл жоғары болып, кездесуге бір күн қалғанда салмақ қуаладым. Соның әсері болар жекпе-жекке сәл шаршаңқы шықтым. Мехман мені толықтай жеңді деп айта алмаймын. Үш раунд та теңдей өтті. Негізі әр кездесу өзінше бөлек өтеді. Бірде жолың болса, енді бірде мүлдем ойының жүрмей жатады. Сол жекпе-жекке өзі толықтай ашыла алмадым. Екеуміз де тәжірибелі спортшы екенімізді білдік, сол себепті бір-бірімізге бата алмай, тәуекелге бармай жұдырықтастық.

- АСВ тұжырымында жекпе-жекке шығады деп естідік...

- Иә, Алла бұйырса, АСВ тұжырымында жұдырықтасамын. Бірақ әлі нақты ештеңе шешілген жоқ. Қашан жекпе-жек өткіземін, кіммен жұдырықтасамын - белгісіз. «Алаш Прайдтан» қалай тапсырма келеді, солай жұмысқа кірісеміз. АСВ сияқты үлкен ұйымға шығу үшін жақсы дайындық қажет. Бастысы жарақат алып қалмау.

- Келесі жекпе-жегіңнің қашан өтетіні белгісіз. Негізі жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін жекпе-жек откізетін бе едің?

- Күзге таман жекпе-жек өткізсем деп жоспарлап отырмын. Бір жылда 3-4 кездесу өткізу қажет. Салмақ қуалау бар, дайындық бар дегендей. Қазір ММА қарқынды түрде дамып жатыр. Сол себепті үнемі бабыңда жүру керек.

- АСВ тұжырымдағы жекпе-жектен не күтесің? Жаңа деңгей дегендей...

- Өзім үшін үлкен жеңістер күтемін. Халқымыздың үмітін ақтап, абыройын асқақтатқым келеді. Ол үшін жатпай еңбектеніп, тер төгу қажет. Бірінші, Құдай күш-қуат берсе және өз-өзіңе сенсең барлығына жетуге болады.

- Қазіргі таңда дайындалып, бабыңды сақтап жүрсің бе?

- Күнде жаттығу залында дайындық жасап жатырмыз. Уақытты бос жібермеуге тырысамын. Бір істің шебері болу үшін – үнемі дамып, күнделікті еңбек ету қажет.  Тер төгіп, еңбектенбесең – нәтиже болмайтыны анық. 

- Ережесіз жекпе-жекте көп кездесу өткіздіңіз. Ең мықты қарсыласыңыз кім болды?

- Білмеймін, әр қарсыласым өзінше мықты болды. Мына кездесуім қиын өтті деп айта алмаймын. Қарсыластарымның бәрі өз елдерінің чемпиондары еді. Қырғызстан, Ресей, Дағыстанның өз салмағында үздік спортшыларына қарсы октагонға шықтым. Есте қалғаны, 18 жасымда Мәскеудің Қызыл алаңында тұңғыш рет кәсіпқой рингке шыққан болатынмын. Ең ұзағы әрі қиыны болды деуге келеді. Ал, жалпы, әр жекпе-жектің есте қалатын тұстары бар.

- Сіздің ойыңызша қазіргі таңда еліміздің ең мықты ММА файтері кім?

- Сөзсіз, өз салмағында Арман Оспанов ең үздігі. Қайрат Ахметов те мықты. Бұл тізімге Ерлан Тілеуімбетов де қосуға болады. 57 келіде Жалғас Жұмағұлов Fight Nights белбеуіне таласты. Осы аты аталғандардың барлығы еліміздің бетке ұстар спортшылары.

Сұхбаттасқан Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или