«Қайратты» қайтадан Владимир Вайсс баптауы мүмкін
Prosports.kz-ке белгілі болғандай, «Қайраттың» тізгінін қайтадан Владимир Вайсс ұстауы мүмкін.
Словакиялық маман алматылық клубты 2012 жылдың желтоқсаны мен 2015 жылдың қарашасы арасында жаттықтырған болатын. Словакия құрамасы, «Артмедия», «Слован» және «Сатурнның» бұрынғы бас бапкері «Қайратпен» бірге Қазақстан чемпионатының қола және күміс медальдарын жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ, алматылықтар Вайсстың жаттықтыруымен екі рет ел Кубогын жеңіп алды. Одан бөлек, 2015/16 жылы Еуропа лигасында клуб тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. «Қайрат» плэй-офф кезеңіне дейін жетіп, франциялық «Бордоға» жол берген еді.
Бүгінде Владимир Вайсс Грузия ұлттық құрамасын жаттықтырып жүр.
Алматылықтардың бүгінгі бапкері Карлос Алос Феррер клуб академиясында жұмыс істей береді.