Азамат Айтхожин: «Қайраттың» чемпиондық тәжден үміті үзілген жоқ
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының басшысы Азамат Айтхожин ел біріншілігіндегі тәжге талас әлі де жалғасатынын айтты, — деп хабарлайды ProSports.kz порталы.
Оның ойынша алматылық «Қайрат» елордалық «Астананың» еурокубокта өнер көрсететінін ұтымды пайдалануы қажет.
- «Қайрат» чемпиондыққа таласта әлі жеңілген жоқ. Қазіргі көшбасшы «Астананың» ойын кестесі тығыз орналасқан. Алда кем дегенде 3 еурокубоктік кездесулері бар. Егер «Легияны» қапы қалдырып, келесі кезеңде сүрінсе де, Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда «Қайратқа» қиындықтар туындамау қажет. Тек ел біріншілігі мен Қазақстан Кубогының финалында бақтарын сынайды. Сол себепті алматылық ұжымның чемпиондық тәжден үміті үзілді дегенге өз басым келіспеймін, — деді ҚКФЛ басшысы Kazfootball сайтына берген сұхбатында.
Сонымен қатар Азамат Айтхожин Қазақстан Премьер-Лигасының үшінші айналымының күнтізбесі қалай жасақталатынын және қандай үлгімен өтетінін айтып берді:
- Күнтізбе қыста жасалып қойған. Ел біріншілігі басталмай тұрып күнтізбенің нобайын командалардың өкілдеріне жіберіп қойғанбыз. Үшінші айналым сандармен жазылған. Кімнің қандай орын алғаны маңызды. Басты үлгі етіп – Бергердің кестесін алдық. Көп БАҚ өкілдері жазғандай жеребе тастамаймыз. Күнтізбе жасалған күннен бастап Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында жарияланды, — дейді Азамат Айтхожин.
Айта кетейік, қазір ел Премьер-Лигасының 22-ші тур ойындары өтуде. Әзірге көш басында елордалық «Астана». Ал одан 4 ұпай аз жинаған алматылық «Қайрат» екінші орында келеді.