«Астана» жеңіліссіз сериясын ұзартты
«Астана» Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында польшалық «Легиядан» басым түсті. Соның арқасында ел чемпионы еурокубоктарда өз алаңындағы жеңіліссіз сериясын ұзартты.
Чемпиондар лигасының он матчында «Астана» бес рет жеңіске жеткен: «Марибор» — 3:1, ХИК — 4:3, АПОЭЛ — 1:0, «Жальгирис» — 2:1, «Легия» — 3:1. Қалған бес кездесуде қарсыласымен тең түсті – «Галатасарай» — 2:2, «Атлетико» — 0:0, «Бенфика» — 2:2, «Селтик» — 1:1, «Спартак» — 1:1. Сондай-ақ, Еуропа лигасында екі жеңіс (БАТЭ — 2:0, АПОЭЛ — 2:1) пен екі тең ойын («Олимпиакос» — 1:1, «Янг Бойз» — 0:0) бар.
«Астана» соңғы рет еурокубокта өз алаңында 2014 жылы 21 тамызда жеңілген болатын. Сол кезде елордалық клуб Еуропа лигасында испаниялық «Вильярреалдан» 0:3 есебімен жеңілген еді.