УЕФА Каньясты Хамес және Фалькаомен бір қатарға қойды
УЕФА еурокубокта ойнаған колумбиялық ойыншылар туралы материалда «Астананың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Рохер Каньясқа да тоқталды.
Каньястан бөлек, мұнда атақты колумбиялықтар бар. Мысалы, мансабын аяқтаған колумбиялықтар қатарында «Галатасарай» қақпашысы Фарид Мондрагон мен қорғаушылар Иван Кордоба («Интер») және Луис Переа («Атлетико») бар.
Ал мансабын жалғастырып жатқан ойыншылардан «Бавария» жартылай қорғаушысы Хамес Родригес, шабуылшылар Радамель Фалькао («Монако») мен Джексон Мартинес («Гуанчжоу Эвергранд») сынды жұлдыздар жазылған.
Ал Каньяс еурокубоктарда 44 матч өткізді – 22 ойын Чемпиондар лигасында, қалған 22-сі Еуропа лигасында. Бұл ойындарда ол 5 гол пен 2 нәтижелі пастың авторы атанған.
Айта кетейік, Рохер Каньяс ойнаған қарағандылық «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы клуб атанған еді. Кейін Каньяс «Астанаға» ауысты – елордалық клуб еліміздің тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті. Артынша, Рохер «Астанамен» бірге Еуропа лигасының топтық кезеңінде де ойнап үлгерді.