Еркебұлан Нұрғалиев: Мақсатым – өзімді көрсетіп, сол жақта қалу
<span>Көкшелік «Оқжетпестің» жартылайқорғаушысы Еркебұлан Нұрғалиев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында не себепті Болгар біріншілігіне ауысқанын, кіммен кеңескенін және жаңа командасы жайлы не білетінін айтып берді.</span>
- Еркебұлан, мансабыңды неге Болгар чемпионатында жалғастырамын деп шештіңіз?
- Барлығы трансферлік мерзімде шешілді. «Алтайда» қазіргі «Вереяны» жаттықтырған Илиан Илиевпен бірге жұмыс істедім. Ол ісі Андрей Карповичпен жақсы байланыста болатын. Андрейден мен туралы ақпарат сұрап, Қазақстаннан тыс жерде ойнағысы келеді ме деп сұрапты. Мен бірден келісімімді бердім. Өйткені. «Оқжетпесте» мүлдем ойнамайтынмын. Жас болғандықтан алаңға көп шыққым келдім. Тәжірибе жинақтауым қажет болатын. Сол себепті бұл мүмкіндікті пайдаланып қалайын деп шештім.
- «Вереямен» келісімшартыңыз қандай мерзімге жоспарланған?
- «Оқжетпеспен» екі жылдық келісімшартым бар. Клуб басшылығымен сөйлесіп, Болгарияда жылдың соңына дейін жалда ойнайтын болып келістік.
- Қазақстандық командалардан ұсыныс түскен жоқ па?
- Ұсыныстар болды, бірақ іске келгенде бәрі бос болып шықты. Оның үстіне, «Оқжетпеске» ауысқалы, өзге командалардың тарапынан ұсыныстарға аса назар аударған жоқпын. Ал Болгар чемпионаты қызықтырып әкетті. Өзімнен біраз жас үлкен әріптестерімнен кеңес сұрадым. Самат Смақов, Азат Ерсәлімов, Андрей Карпович ағаларым мүмкіндігімді бос жібермей, шекара асуға кеңес берді.
- Жаңа біріншілік қиынға соғады деп қорықпайсыз ба?
- Ешқандай қорқыныш жоқ. Футбол ойнауға бара жатырмын. Бала кезден бұл ойынды білемін. Керісінше, өз чемпионатта білгемді көрсетіп, бір жағынан өзімнің деңгейімді анықтап қайтқым келеді.
- Жаңа командаңыздың ұсынған талаптары көңіліңізден шықты ма?
- Агентім бұл жайында сөйлесті. Қазақстанға қарағанда жалақым азаяды. Алайда менің жасымда бірінші орында ақша емес, футбол болу қажет.
- Әріптестеріңмен танысып үлгердің бе?
- Жоқ. Әзірге ешкіммен таныспадым.
- Өзіңізде нөмір таңдадыңыз ба?
- Жоқ. Мұның бәрі алдағы уақытта шешіледі. Жұма күні «Верея» «Берое» командасына қарсы кездесу өткізсе, 21-і «Черно Море» клубын өз алаңында қабылдайды. Нөмір таңдап жүретіндей уақыт жоқ
- Жалпы алғанда чемпионатты, команданы, қаланы зерттедіңіз бе?
- Иә, бәрін қарап шықтым. «Оқжетпестегі» әріптестесім Цветан Генковпен ақылдастым. Ол мені Болгария көңіліңнен шығады деп сендірді.
- Қазақстаннан Шығыс Еуропаға аттанған санаулы футболшылардың бірісіз. Бұл қосымша жүк артпай ма?
- Біздің елден Еуропа чемпионатында өнер көрсеткен футболшылар аз. Қазақстанда жағдайыңды жақсы жасайтындықтан болар сербиялықтар, болгарлар, өзге де шетелдіктер бізге көп келеді. Менің мақсатым – өзімді көрсетіп, сол жақта тұрақтап қалу.