Алматыда мешіт қызметкерлері арасында футбол лигасы басталды
Бүгін, "Асыл мұра" бағдарламасының аясында, "Нархоз" университетінің стадионында имамдар футболдан өзара мықтыны анықтады.
Теңбіл доп додасында Фатих, Муслим, Қазақ күресі және Фил ұжымдары "Байкен" мешітінің намысын қорғады.
Футбол ойындары "Байкен" мешітінің наиб имамы Нұрболат Дүйсебаевтың ақ батасынан басталды.
Қатысушылар қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша 9 ұпаймен басым түскен "Қазақ күресі" командасы алтынды олжаласа, ал 6 ұпаймен "Фил" ұжымы күміспен күптелді. Қоланы "Фатих" ойыншылары қанағат тұтты (3 ұпай).

- Біз күреспен шұғылданамыз, футбол біз үшін хобби ғана. Жазғы уақытта, осындай футболдан жарыс ұйымдастырылатыны, қуантарлық жайт. Барлығына ұнады. Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз, біз үшін бұл керемет мүмкіндік. Онымен қоса, алғаш рет мешіт қызметкерлерімен футболдан додаға түстік. Шыны керек, жақсы әсер алдық, жеңістеріміз әлі де алда деп ойлаймын, - деп бөлісті "Қазақ күресі" командасының ойыншысы Ғани Келдіқұлов.
Айта кетсек, бұл бағдарлама шілденің 7-сі күні іске қосылды. Оның басты мақсаты мешіт жұмыскерлері арасында бұқаралық спортты дамыту және дәріптеу.
Бүгін бастау алған футбол лигасында Алматы қаласының 48 мешіт қызметкерлері қатысады. Айта кететін жайт, әр сенбі мен жексенбі сайын футбол ойындары өтіп, жақсы дәстүрге айналады деген ойдамыз.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен марапатталды. Ал, алтынды олжалаған команда қалалық турнирде өз мешіт намысын қорғайды.
Атап өтсек, "Асыл мура" бірегей бағдарламасы Алматы мешіттері имамдары арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.