Шаңғышы балалар Талғардағы спорт лагеріне барады
2017 жылдың 10-18 шілдесі аралығында шаңғы жарысымен айналысатын 60 бала Талғар қаласындағы жазғы спорт лагері, «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніне бармақ.
Жас спортшылар еліміздің атақты шаңғышыларының шеберлік сабағына қатысып, спорттық дағдыларын жетілдірмек.
Осы жазда 12-16 жас шамасындағы 60 бала мен еліміздің жеті облысының жаттықтырушылары шаңғышыларға арналған жазғы спорт лагеріне қатысады. Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының өкілдері 2017 жылдың 10-18 шілдесі аралығында Талғар қаласындағы «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде бас қоспақ.
Лагерь балалардың шығрмашылық әлеуетін арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, денсаулықтарын нығайту, рухани, ақыл-ой, әлеуметтік дамуы, сондай-ақ ұжымда және топта өзін-өзі ұстау дағдыларын меңгерту мақсатында ұйымдастырылған.
Балаларға арналған жазғы лагердің ұйымдастырушысы «Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ҚБ келуші қонақтарына арнап қызықты әрі тартымды бағдарлама әзірледі.
Лагердің спорттық бағдарламасы түрлі жаттығулар, тимбилдингтер, жүзу, волейбол мен үстел теннисінен достық жарыстарды және шаңғы роллерлеріндегі командалық сайыстарды қамтыған.
Спорттық шаралардан өзге балалар атпен серуендеу мүмкіндігіне ие болып, Владимир Смирнов пен Анатолий Букреев сынды қазақстандық танымал шаңғышылар туралы фильмдерді тамашалай алады. Сондай-ақ, мәдени бағдарламада концерттер мен би кештерін өткізу қаралған.