Қуат Хамитов: Алматыда Алибековпен немесе Куиллимен жұдырықтасамын
Қазақстандық ережесіз жекпе-жек майталманы Қуат Хамитов ProSports.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
«Найман» ресейлік Магомедсайд Алибековқа қарсы өткен жекпе-жек, Алматы қаласында өтетін Fight Nights Global жарысы және америкалық боксшы Флойд Мэйвезер мен UFC чемпионы Конор МакГрегор арасындағы кездесу туралы пікірін білдірді.
- Магомедсайгид Алибековқа қарсы жекпе-жекке Таиланд елінде дайындалдым. «Тор Теаm» командасының сапында ондаған әлем чемпиондарымен жаттығу жасап, спарринг өткіздім. Жекпе-жектің өзіне келер болсам, қателік неден кетті? Дайындығым нашар болды, жарақатым алып қалдым дей алмаймын. Қателік болмайтын жерден кетті. Дайындық жасаған Таиланд елі мен кездесу өтетін Владивосток қаласы арасындағы уақыт айырмашылығы 5-6 сағат болатын. Оның үстіне 17 сағат ұшып бардық. Күн мен түн ауысып, екі күн бойы көз іле алмадым. Оған қоса, екі жақтың ауа-райында біраз айырмашылық бар еді. Өмір болған соң, бәрі болады. Бұл да бір тәжірибе. Жекпе-жектің бес раундқа созылу себебі де осында. Өз ойым кездесуді үшінші раундта, уақытынан бұрын аяқтауға тырыстым. Жоспар бойынша бірінші кезеңді теңбе-тең өткізсем, келесі екі раундты қарсыласыма беруім керек. Ал соңғы төртінші және бесінші раундта қарсыласыма мүмкіндік бермеу болатын. Осылайша, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетем деп үміттенгем. Бәрі жоспар бойынша өткен, тек жекпе-жек соңында төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Алайда кездесуден кейін көптеген жанкүйерлер жекпе-жектің тең болғанын, реванш жасау керек деп жатты.
- Өзіңіздің бір сұхбатыңызда «алғашқы екі раундты Магомедсайд жеңсе, қалған үш раундта мен басым түстім» депсіз. Сонда сіздіңше төрешілер әділетсіз шешім қабылдады ма?
- Айқын басымдылықпен ұтпасаң жекпе-жек қай жерде өтсе, сол жергілікті спортшыға жеңісті беріп жатады, әдетте. Бірақ Fight Nights Global секілді деңгейі жоғары промеушінде төбелессең, оның үстіне чемпиондық белбеуге талассаң қарсыласыңды бір ұрып құлата салу мүмкін емес. Бір соққы жасап немесе аяғымен теуіп қарсыласын талдыра салатын спортшылар чемпиондық белбеуге тартыспайды.

- Күні кеше белгілі болды, сіз Алматы қаласында Fight Nights Global аясында жекпе-жек өткізгелі жатырсыз. Осы туралы айта кетсеңіз.
- Fight Nights Global жарысы тұңғыш рет оңтүстік шаһарда өтейін деп жатыр. Бұл кештің басты жекпе-жегінде не Магомедсайд Алибековқа қарсы реванш өткіземін, не ирландиялық Питер Куиллимен күш сынасамын. Конор МакГрегордың спарринг қарсыласы - өте мықты спортшы. Кезінде Fight Nights аясында өткізген жекпе-жектерін көрдім. Осыдан кейін Камил Гаджиевке: «Егер Магомедсайд Алибеков менімен қарымта жекпе-жекке шықпаса, мені Питер Куиллимен жұдырықтасамын» деп SMS жібердім. Кейін Питер ғаламторда менімен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді. Қыркүйек айына дейін Шанхайда WBK тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуімді қорғауым қажет. Одан кейін осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындықты бастаймын.
- Питер Куиллиді зерттедіңіз бе?
- Әрине. 13 жекпе-жек өткізіп, 10-нда жеңіске жетсе, 3-інде ұтылған. Жалпы кәсіпқой спортшылар ұпай санымен жеңілісті мойындай бермейді. Өте мықты жауынгер. Солақай болуы кедергі туғызуы мүмкін.

- Дайындықты бастап кеттіңіз бе?
- Ораза кезінде жеңіл жаттығулар жасап жүрдік. Кеше алдағы жекпе-жектерге, Шанхайдағы, Алматыдағы кездесулерге дайындықты бастадық.
- Өзіңіздің осал, әлі де болса дамытуды қажет ететін тұстарыңыз бар ма?
- Мына тұстан әлсізбін, мына тұстан мықтымын деп айта алмаймын. Жоғары деңгейде жұдырықтасқаннан кейін күресті де, боксты да, греплингті де, кикбоксингті де, бәрін дамытып, жұмыс істеу қажет. Бірақ әлі де маған өсу керек, әлі де тәжірибе жинау керек.

- Соңғы уақытта елді шулатқан жаңалық – Мейвезер мен МакГрегордың арасындағы жекпе-жек болды. Ережесіз жекпе-жектің өкілі болғандықтан МакГрегордың бұл кездесудегі мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
- Шаршы алаңға шыққан соң әрбір кәсіпқой спортшының жеңіске жету мүмкіндігі бар. МакГрегор ережесіз жекпе-жектің майталманы болса, Мейвезер әлемдегі үздік боксшылардың бірі. Екеуі салыстыруға келмейді. Дегенмен, сырттай қарағанда МакГрегордың бойы да, қолы да ұзын екені көрініп тұр. Ал Мейвезердің жасы 40-қа таяп қалды. Конордың жекпе-жекте жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар. Егер ол алғашқы төрт раундта шыдап, қарсыласына бірнеше жойқын соққысын дарытса, жеңіп кетуі ғажап емес. Бірақ кездесу төрт раундтан асып кетсе МакГрегордың ұтуы екі талай. Шаршы алаңда Мейвезердің салмағында ешқандай боксшы төтеп бере алмайды
- Қуат Хамитовты жаңа деңгейде қашан көреміз?
- 15 жекпе-жекке дейін елде 5-6 промоушенде өнер көрсеттік. Осыдан соң жанкүйерлерім шетелге барып жұдырықтасу қажет деді. Лондонда, Жапонияда, Үндістанда, Сингапурде және Қытайда жекпе-жек өткіздім. Соның өзінде жанкүйерлер, журналистер не АҚШ-та, не Ресейде бақ сынауың керек деді. Мықтылардың бәрі сонда жиналған ғой. Халықтың қалауын орындайын деп Ресейге барып, Еуропаның үздік промоушендерінің бірі Fight Nights-пен келісімге келдім. Алғашқы жекпе-жегімде әлем чемпионы Гаджи Рабадановты жеңдім. Бір жекпе-жектен соң менен де рейтингісі жоғары спортшылардың барына қарамастан, Алланың қалауымен, чемпиондық белбеуге тартысуға мені таңдады. Бұл жаңалыққа өзім де таңғалдым. Осылай қазақ баласы Еуропаның ең үздік промоушенінде бір жекпе-жек өткізгеннен соң, чемпиондық белбеуге тартысады деп еш ойламаппын. Шетелде өнер көрсетсең шамаң келмейді дейтіндерге жауап бердім. Ресейде ештеңе дәлелдей алмайсың дейтіндерге, міне, әлем чемпионы титулына тартыстық. Жаңа деңгейге шығу – ол уақыттың еншісінде. Ережесіз жекпе-жекке келгеніміз кеше ғана. Алты жылдан енді асады. Мансабымда әлі 4-5 жылдай уақытым бар. Осы уақыт ішінде қазақ жігіттерінің мықты екенін дәлелдеп, көк туымызды биікке желбіретеміз.
Сұхбаттасқан Айбар РЫСДӘУЛЕТ