Нұрғиса Нұрғалиев: Мақсатымыз ұлттық спорт түрлерінен кешенді жарыстар ұйымдастыру
Елбасының өзі бұқаралық спортпен айналысатын халықтың санын отыз пайызға жеткізу міндетін жүктегені белгілі. Осы жолда аталмыш тапсырманың тыңғылықты орындалуына басты себепкер болып жүрген, Алматыдағы осыдан он екі жыл бұрын құрылып, бүгінгі таңда жұмысын жемісті жүргізіп отырған "Ұлттық спорт клубының" жетекшісі Нұрғиса Нұрғалиев ағамызбен әңгімелесудің сәті түскен еді.
- Аға, алдымен өзіңіз басқарып отырған клуб жайлы айтып өтсеңіз.
- Біздің Халықтық ұлттық спорт түрлері және бұқаралық дене шынықтыру клубы 2005-ші жылы құрылған. Былтырғы жылдың қазан айында жекешелендіруге ілініп, қазіргі уақытта ЖШС болып жұмыс атқарып жатыр. Клубтың басты мақсаты – құрылғаннан бері халықтық спорт түрлерін, сондай-ақ қала тұрғындары арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Біздің көздегеніміз – барлық қала тұрғындарын дене шынықтырумен айналысуға үндеу.

- Осы орайда клуб нақты қандай спорттық шаралардың өткізілуіне мұрындық болып отырғанын айта кетсеңіз.
- Біз бұған дейін көптеген жарыстар іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Оның біразы дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Атап айтар болсам, "Баспалдақ" – Медеу шатқалында өткізіледі. Бұл шараға кемінде 3-4 мың адам қатысатын. Одан кейінгі ауқымды іс-шараларымыздың бірі "Денсаулық" деп аталады. Дәл жаңа жылдың басталуына бірнеше сағат қалғанда ұйымдастырып жүрдік. Өкінішке орай, былтыр өткізе алмай қалдық. Әлі күнге дейін бізге қала тұрғындары хабарласып биыл өте ма, жоқ па деп сұрайды. Бес жүздің үстінде адам қатысатын бұл жарысқа. Биыл бұйыртса "Денсаулықты" өткіземіз деп отырмыз. Сондай-ақ "Сымбат"деген қыздар арасында өткізетін сайысымыз бар. "Бірлік" деген мектеп-интернаттары, балалар үйлері арасында өткізетін жарысымыз бес алты спорт түрін қамтиды. "Тамаша сөре" және "Ертөстік"деген атау алған балабақшадағы бүлдіршіндерге арналған сайысымыз бар.

- Бір жылда қанша жарыс ұйымдастырасыздар?
- Былтырғы жылы жалпы алғанда 425 жарыс өткіздік. Оның ішінде іріктеуі бар, финалдық кезең жарыстары бар. Оған отыз бес мыңға жуық адам қатысты. Оның жетпіс пайызға жуығы оқушылар мен колледж студентері.
- Клубтың алға қойған мақсаттары қандай? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
- Болашақта ұлттық спорт қазақша күрес пен асық атумен шектелмей көкпар, қыз қуу сияқты спорттарымызға да аралассақ па деген ойымыз бар. Клуб мемлекет қарамағында болғанда ол жұмыстардың бәрімен айналысқан. Қазір жекешелендіруге өткен соң қолымыз біраз қысқарып қалды.
Біздің ұстанған басты бағытымыз – ұлттық спорт болған соң болашақта осы спорт түрлерінен жаппай жарыстар ұйымдастырсақ дейміз. Жалғыз ғана спорт түрінен емес, жалпы ұлттық спорт түрлерінің бәрін қамтыған көлемді жарыс ұйымдастыру болашақта алға қойған мақсатымыз. Үлкен алаңда қазақ үйлер тігіліп, бір жағында асық ойнап, алтыбақан құрылып, енді бір шетінде қазақша күрестен, бір жерде қол күрес, көкпар, қыз қуу бәрін бір жерде өткізу алдағы күндердің еншісінде. Барлық ұлттық спорттың басын қосып, кешенді жарыс өткізіп, оны барынша насихаттасақ көпшіліктің есінде қалар еді.


