Аптаның 5 үздік трансфері
Трансферлік маусымның алғашқы екі аптасында «Милан» және «Манчестер Сити» командалары белсенділік танытса, соңғы бір аптада немістің «Бавариясы» мен англиялық «Эвертон» нарықты жаулап алды.
5. Матье Вальбуэна, 32 жаста
Алаңдағы орны: жартылайқорғаушы
«Лион» – «Фенербахче»
Трансфер құны: 3,5 млн еуро

«Марсель» клубында өткізген тамаша маусымнан соң Вальбуэна көп күтпеген шешім қабылдап, көрші Ресейге ат басын бұрды. Алайда әріптестерін алға сүйрейтін команда көшбасшысына айналады деген француз футболшысының «Динамо» сапында ойыны жүрмей, жанкүйерлердің наразылығын тудырды. «Ақ-көгілдірлер» Ресейдің жоғарғы дивизионындағы орнын сақтай алмай, Бірінші лигаға түсіп қалды. Ал Матье болса Франция чемпионатына қайтуды жоспарлады. Ұсыныс көптеп түскеніне қарамастан Вальбуэна «Марсельдің» қас жауы «Лионның» сапына қосылды. Дегенмен, бұл клубта та франциялық футболшы жоғары деңгейде өнер көрсете алған жоқ. Ағымдағы маусым аяқталған соң 32 жастағы ойыншының командасын ауыстыратыны белгілі болған. Осылайша, Вальбуэна түріктің «Фенербахчесі» тарапынан түскен ұсынысты қабыл алып, кіші Азияға бет бұрды.
4. Джордан Пикфорд, 23 жаста
Алаңдағы орны: қақпашы
«Сандерленд» – «Эвертон»
Трансфер құны: 28,5 млн еуро

Чемпионшипқа түсіп қалған «Сандерлендтің» басшылығы тез арада команда көшбасшыларын сатып, қаржылай пайда табуға бел байлады. Джермейн Дефо «Борнмут» клубының сапына ауысса, қақпашы Джордан Пикфорд «Эвертонның» жейдесін киді. Жас қақпашының ойыны зерек. Әріптестеріне дәл пас берудің хас шебері. Статистикаға сүйенсек Пикфордтың командаластарына асырған добының 78% діттеген жеріне жетеді. Былтырғы жылы лондондық «Арсеналға» қарсы матчта 13 мәрте қақпасын голдан аман сақтап, ойының қаһарманы атанған. Биылғы маусымда тізесін жарақаттап алып, ұзақ емделуге мәжбүр болды. Сол себепті, Арсен Венгер жарақат алған қақпашының командасына алудан бас тартқан көрінеді. Ал «Эвертон» басшылары жас қақпашы үшін 30 миллион еуро ақы төлеп, қатарына қосты.
3. Никита Медведев, 22 жаста
Алаңдағы орны: қақпашы
«Ростов» – «Локомотив»
Трансфер құны: тегін

Күн өткен сайын ресейлік командалар жергілікті футболшыларды қатарына көптеп қосып жатыр. Мәскеулік «Локомотив» қақпашы Маринато Гильерменің көп жарақат алатынына байланысты тағы бір мықты қақпашыны алуды жөн деп санапты. «Ростовқа» жаңа келген Никита Медведев жарты жыл өткеннен соң негізгі қақпашы, тәжірибелі Сослан Джанаевтың орнын басып, бірнеше рекордтар жасап үлгерді. 9 ойын қатарынан қақпасына гол жібермей, Ресей чемпионатында 939 минут бойы қақпасын құрғақ ұстап, рекорд жаңартты. Талантты жас қақпашыға бірден «Локомотив» қызығушылық танытып, келісімшарты аяқталысымен сапына қосты.
2. Дэви Классен, 24 жаста
Алаңдағы орны: жартылайқорғаушы
«Аякс» – «Эвертон»
Трансфер құны: 27 млн еуро

«Эвертон» бас бапкері Рональд Куман отандасы Дэви Классенді Англия Премьер -Лигасына алдыртты. Орталық жартылайқорғаушының соққысы жойқын, қарсыласының шабуылын тоқтатып қана қоймай, қажет кезде өзі де шабуыл өтіне шыға біледі. Соңғы маусымда «Аякстың» нағыз «жүрегіне» айналды. «Эвертонның» жартылайқорғанысы сыр бере бастаған. Гарет Барридің жасы келсе, Росс Баркли болса ойыннан гөрі, төбелесуді, шатақ шығаруға құмар. Алаң ортасындағы бәсекелестікті көтеру мақсатында «Эвертон» басшылығы 24 жастағы Дэви Классен үшін «Аяксқа» 27 миллион еуро төледі.
1. Корентин Толиссо, 22 жаста
Алаңдағы орны: жартылайқорғаушы
«Лион» – «Бавария»
Трансфер құны: 41,5 млн еуро

Толиссо күтпеген жерден «Лионнан» «Баварияға» ауысты. Футболшыға «Милан» мен «Ювентус» қызығушылық танытып, АПЛ-дың бір-екі командалары қатарына шақыртқан. Дегенмен, немістің «Бавариясы» қомақты қаржы салып, жас ойыншыны сапына қосты. Алонсо мен Лам мансабын аяқтаса, Рибери мен Роббен шал тартып қалды. Мюнхендік команданың басшылығы болашақты ойлап, сапына жас футболшыларды көптеп алуда. Соның бірі – Корентин Толиссо болды.